Белгілі қазақстандық әнші әлеуметтік желідегі видеосы үшін жауапқа тартылды

Бүгін, 20:30 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Қазақстандық әнші Ринат Шамшырақ Instagram парақшасында жариялаған видеодан кейін үш құқықбұзушылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жуырда әке атанған өнер иесі отбасымен бірге көлікте түсірілген бейнежазбаны әлеуметтік желіге жүктеген. Кадрлардан жаңа туған нәрестенің автокөліктің алдыңғы орындығында арнайы қауіпсіздік құрылғысынсыз жатқанын көруге болады. Ал әншінің жұбайы артқы орындықта отырған.

Видео желіде тарағаннан кейін қолданушылар сәбидің қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, әншінің әрекетін сынға алды. Кейбір азаматтар Алматы қаласының полиция департаментін белгілеп, жол қозғалысы ережесін бұзғандарға шара қолдануды сұраған.

Полиция қызметкерлері бейнежазбаға байланысты тексеру жүргізіп, көлік жүргізушісі мен жолаушының жеке басын анықтады.

"Әлеуметтік желіде Lixiang L7 автокөлігінің жол қозғалысы ережесін бұзғаны түсірілген видео жарияланды. Тексеру барысында жүргізуші мен жолаушы анықталды. Олар баланы арнайы ұстап тұратын құрылғысыз тасымалдағаны, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланғаны және қауіпсіздік белдігін тағу талабын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды", – деп хабарлады Алматы қаласының полиция департаменті.

Сонымен қатар көлік жүргізушісімен мұндай құқықбұзушылықтарға алдағы уақытта жол бермеу жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілген.

Тэгтер:

әнші