Түркістан облысында жолаушыларды заңсыз тасымалдаған жүргізуші жауапқа тартылды

Бүгін, 17:25 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

27-30 шілде аралығында республика көлемінде өтіп жатқан "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық рейдтік шарасы барысында Түркістан қаласы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Шымкент – Самара автожолы бойында Toyota Alphard автокөлігін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушінің Түркістан қаласынан Шымкент қаласына жолаушыларды тиісті рұқсат құжаттарынсыз, заңсыз негізде тасымалдағаны анықталды.

Аталған құқық бұзушылыққа байланысты жүргізушіге әкімшілік шара көріліп, автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды.

Полицейлер заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу заңнамада көзделген әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Сонымен қатар жолаушыларға өз қауіпсіздігі үшін заңды негізде қызмет көрсететін, тиісті рұқсаты бар тасымалдаушылардың қызметін пайдалануға кеңес береді.