Қапшағай су қоймасында өзгені құтқармақ болған жас жігіт қаза тапты

Бүгін, 17:00 / Інжу Әлихан
instagram.com/berdikhanov_askhat

Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Қапшағай су қоймасында өзгенің өмірін құтқармақ болып қаза тапқан қала тұрғыны Андрей Козятинскийдің жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әкімнің айтуынша, Андрей Козятинский Қапшағай су қоймасында суға батып бара жатқан адамды құтқаруға ұмтылып, өз өмірін құрбан еткен.

«Шешуші сәтте Андрей сырт айналып кетпей, өз қауіпсіздігін ойламастан, қиын жағдайға тап болған адамға көмекке ұмтылды. Мұндай қадамға жүрегі кең, мінезі берік адам ғана бара алады. Оның ерлігі – батылдықтың, жанқиярлықтың және адамгершіліктің жарқын үлгісі», – деді Асхат Бердіханов.

Қала әкімі марқұмның әкесі мен бауырына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, бұл қаза отбасы үшін орны толмас қайғы екенін жеткізді.

Сондай-ақ ол Андрей Козятинскийдің өзгенің өмірін сақтап қалу жолындағы жанқиярлығы шынайы ерліктің, адамгершілік пен жақынына деген сүйіспеншіліктің көрінісі екенін атап өтті.

«Андрей Козятинскийдің есімі батылдықтың символы ретінде ел жадында сақталады. Оның ерлігі Қонаев қаласының тұрғындарының жадында мәңгі қалады», – деді қала әкімі.