Ақсу қаласына жаңа әкім тағайындалды

Бүгін, 16:49 / Алуа Арман

Президент Әкімшілігінің келісімімен, қалалық мәслихат депутаттарының келісімі және өңір басшысының өкімі негізінде Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі болып Әнуарбек Аманов тағайындалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Облыс әкімі Асайын Байханов жаңа әкімді таныстырып, оған коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша бірқатар нақты міндет жүктеді. Атап айтқанда, қаладағы жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруды, су құбыры және кәріз желілерін одан әрі жаңғыртуды, Ақсу кентінде жылу желілерін салуды, алдағы жылыту маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз етуді, жаңа қалалық қазандықты іске қосу және пайдалануға беру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар, қала аумағын абаттандыруды жалғастыру, орталық саябақты қайта жаңғырту, жүзу бассейнінің құрылысын жүргізу және көгалдандыру жұмыстарын жандандыру міндеттері қойылды.

Бұған дейін Әнуарбек Аманов Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Тэгтер:

Әкім Ақсу Павлодар облысы