«Ақ жол» партиясының белсенділері ҚАИК зауытының қызметкерлерімен кездесті

27 шілде, 2026 / Алуа Арман
"Ақ жол" партиясының телеграм арнасы

Көкшетаудағы жұмыс сапары барысында «Ақ жол» демократиялық партиясының төрайымы Дания Еспаева бастаған үгіт-насихат тобы Қазақстан аграрлық-индустриялық корпорациясының (КАИК) зауытының еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл кәсіпорын ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласында жұмыс істейді және бізге бұған дейінгі сапарларымыздан жақсы таныс. Сондықтан Дания Мәдиеқызы зауыттың қызметімен етене таныс деуге болады. Айта кетерлігі, соңғы 5–6 жыл ішінде кәсіпорын өндірісті дамытуға 20 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салып, өндірістік қуаты мен айналымын айтарлықтай арттырды.

Бүгінде ҚАИК жаңа өнім түрлері мен технологиялық үдерістерді игеріп, отандық тауар өндірушілер тізіліміне енген. Кәсіпорын шығаратын комбайндар, тракторлар және аспалы жабдықтардағы қазақстандық үлестің көлемі шамамен 40 пайызды құрайды.

Кездесу барысында Дания Мәдиеқызы еңбек ұжымына «Ақ жол» демократиялық партиясының шағын және орта бизнесті, отандық өндірушілерді қолдау және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстары туралы жан-жақты айтып берді. Сонымен қатар адам капиталын дамыту, инфляция, азаматтардың борыштық жүктемесін азайту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру, зейнетақымен қамсыздандыру және басқа да өзекті мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді.

Пікір алмасу мазмұнды әрі кәсіби деңгейде өтті. Бір қызығы, бұл еңбек ұжымын тек әлеуметтік мәселелер ғана (жалақы, бағаның өсуі, несие, денсаулық сақтау) емес, өндірістік мәселелер де алаңдатады. Мұны қызметкерлердің көпшілігі кесімді еңбекақы жүйесі бойынша жұмыс істейтінімен түсіндіруге болады. Олар орта есеппен бір жарым айлық жалақыдан жоғары табыс табады, сондықтан кәсіпорынның дамуына мүдделі болып, оның жұмысына белсенді атсалысады.

Дания Еспаева компания басшылығы мен қызметкерлеріне табыс тілеп, 23 тамыз күні өтетін Құрылтай сайлауында «Ақ жол» демократиялық партиясына қолдау көрсетуге шақырды. Ұжым бұл үндеуді зор қошеметпен, ду қол шапалақпен қабылдады.

Сапар соңында делегация Көкшетау қаласындағы №1 сүт зауытының жұмысымен де танысты. Бұл кәсіпорын өңірге танымал балмұздақ пен өзге де сүт өнімдерін өндіреді. Кездесу барысында зауытты жаңғырту жұмыстары мен ұлттық өнімдердің жаңа түрлерін игеру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, Көкшетау кәсіпкерлері қалыптастырған жаңа дәстүрді атап өтпеуге болмайды. Бүгін барған барлық кәсіпорындарда зауыт басшылары Дания Еспаеваны сәнді гүл шоқтарымен қарсы алды.

Тэгтер:

зауыт үміткер кандидат "Ақ жол" партиясы