Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабы Шығыс Қазақстан облысындағы жұмысын жалғастырып, еліміздегі ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарының бірі – «Казцинк» ЖШС ұжымымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Компания Қазақстандағы түсті металлургия саласының жетекші кәсіпорындарының бірі әрі мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған ірі жұмыс беруші саналады.
Кездесу барысында партия өкілдері Respublica-ның заң шығару қызметінің нәтижелері мен сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров Құрылтай депутаттығына кандидаттармен бірге өндірісті қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, салық саясатын жетілдіру, білім беру сапасын арттыру және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру жөніндегі бастамаларды ұсынды.
Құрылтай депутаттығына кандидат Бекжан Айтқұлов әлеуметтік шығыстардың негізгі көзі – нақты экономика екенін атап өтті.
«Мемлекеттік шығыстардың шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады. Ал оны қамтамасыз ететін – дәл осындай өндіріс орындары. Кез келген кәсіпорынның басты капиталы – адам. Сондықтан біз отандық өндірушілерді қолдап, шикізат экспортынан терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшуіміз керек. Бұл – ел экономикасының тұрақты дамуының негізі», – деді ол.
Құрылтай депутаттығына кандидат Тахмина Нағұманова Respublica-ға саналы түрде қосылғанын айтып, партияның басты артықшылығы нақты нәтижеге бағытталған жұмысы екенін жеткізді.
«Соңғы үш жылда Respublica-ның алты депутаты, әсіресе жаңа Салық кодексін талқылау кезінде, ауқымды жұмыс атқарды. Өзім өндіріс саласында еңбек еткен адам ретінде әр ауысымның, әр жұмыс күнінің артында тек өнім ғана емес, ел экономикасы мен әлеуметтік тұрақтылық тұрғанын жақсы түсінемін. Сондықтан еңбек адамдарының дауысы күштірек естілуі үшін Respublica-ны қолдауға шақырамын», – деді ол.
Кандидат Руслан Идрисов та отандық өндірісті қолдау экономиканың ұзақмерзімді дамуы үшін шешуші фактор екенін атап өтті.
Кездесу соңында кандидаттар сайлауға қатысуды ел алдындағы жауапкершілік деп бағалайтындарын айтты.
«Біз тек халқымызға қызмет ету мүмкіндігін сұраймыз. 23 тамызда өз таңдауыңызды жасаңыз. Өзгерісті сырттан күтпей, оған өзіміз ықпал етуіміз керек», – деді партия өкілдері.
Respublica партиясының Шығыс Қазақстан облысындағы сайлауалды кездесулері жалғасуда. Өскемен – түсті металлургия, машина жасау, энергетика және өңдеу өнеркәсібі шоғырланған еліміздің негізгі индустриялық орталықтарының бірі. Сондықтан өндірісті қолдау, кадр даярлау және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері партия бағдарламасының басым бағыттарының қатарында қала береді.