ЖСДП кандидаттары қарағандылық ұстаздармен кездесті

27 шілде, 2026 / Алуа Арман
ЖСДП сайты

Қарағанды қаласында Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) белсенділері мен қолдаушылары сайлауалды науқан аясында педагогтермен кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу «Әлеуметтік қалқан» тақырыбына негізделді. Басқосу барысында жиналғандар «Әділдік. Еңбек. Лайықты өмір» құндылықтары негізінде пікір алмасты. Кездесуге ЖСДП-дан Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидат ретінде ұсынылған партия төрағасы Асхат Рақымжанов, Нұрлан Әубәкіров және Мақсұт Насибулов арнайы келді. Өңірдің педагогикалық қауымдастығымен ашық пікір алмасу барысында еңбек мәселелері мен қоғамның ашықтығы туралы сөз қозғалды.

Алғашқылардың бірі болып кандидат, партия төрағасы Асхат Рақымжанов сөз алды. Ол өз сөзінде партияның бағыт-бағдары мен мақсаттары туралы толық баяндап өтті.

«Біз қашан да ашықпыз. Біздің Жалпыұлттық социал-демократиялық партиямыз жақында 20 жылдығын атап өтпек. Әрине, қазір талғамдар өзгеріп жатыр. Біз қашан да халықтың жағындамыз. Біздің елімізде және өзге елдерде болсын, әсіресе ұстаздар, дәрігерлер, ғалымдар мен әскери қызметшілердің жалақысы ең жоғары деңгейде болуы керек. Бұл – социал-демократиялық ұстаным. Қазіргі цифрлық дәуірде ұстаздарымыз біздің қорғаушымыз десем болады. Өйткені балалар мен жастар әлеуметтік желідегі әлем-жәлемге жұтылып кетіп жатыр. Бізді осы бір кесапаттан аман алып шығатын негізгі күш – ұстаздар қауымы», – деді.

Одан бөлек, ол мұғалімдердің әлеуметтік-тұрмыстық және отбасылық жағдайына байланысты бірнеше өткір мәселенің бар екенін айтты.

«Мен жақсы білемін. Мұғалімдер мектепте 10-12 сағат бойына уақытын өткізеді. Бұл адам үшін моральдық және физикалық тұрғыдан мүмкін емес жағдай. Мұндай жағдайды болдырмас үшін мектептер санын арттырып, ұстаздардың кешенді әрі кәсіби түрде сабақ өткізуіне мүмкіндік жасалуы керек. Бізде әлі де үш ауысымды мектептер бар. Бұл ұстазға да, оқушыға да кері әсер ететіні анық. Біз осындай олқылықтардың болмауын қолдаймыз. Біз халықтың шынайы өміріне үңіле отырып, заң шығару жолында әрекет етуге машықтанғанбыз», – деді Асхат Рақымжанов.

Кездесуде ұстаздар қауымы да өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, партияның алдағы жұмыстары туралы ақпарат алды.

«Бізге танымал адамдар емес, елдің мәселесін білетін адамдар керек», – деді Мақсұт Насибулов кездесу барысында. «Бүгінде саясатта танымал есімдерге, әлеуметтік желідегі жазылушылар санына немесе қымбат жарнамаға көбірек мән берілетіндей көрінеді. Бірақ елдің тағдырын лайктар мен көп қаралымдар шешпейді. Халықтың мәселесін өз көзімен көрген, сол мәселемен жылдар бойы айналысып жүрген азаматтар шешеді. Біздің партия дәл осындай адамдардың басын біріктірген саяси ұйым», – деді ол.

Сондай-ақ партия біздің және жақтастарымыз бен үзеңгілестеріміздің өмірлік таңдауы екенін баса айтты. Оның сөзінше, қазір ЖСДП-ны бастап, оның қым-қуыт шаруаларының басында жүрген азаматтардың барлығы – шын жанашырлар.

«Елдің жанашырлары. 2019 жылы партия мүшелері Асхат Нұрмағамбетұлын партия төрағасы етіп сайлады. Бұл кездейсоқ таңдау емес еді. Ол студент кезінен бастап партия жұмысына араласты. Партияны тіркеу кезінде мыңдаған қол жинау науқанына қатысты, үгітші де болды, бақылаушы да болды, белсенді де болды. 2012 жылдан бастап Астана қалалық филиалын басқарды. Яғни бұл – сырттан келіп басшылыққа отырған адам емес, партияның барлық сатысынан өткен азамат. Бұл жол маған да таныс. Мен де студент кезімде партия қатарына қабылдандым. Содан бері он үш жылдан астам уақыт бойы осы ұйымның қатарында қоғамдық жұмыстармен айналысып келемін. Сондықтан біздің партия үшін саясат – сайлау қарсаңындағы науқан емес, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан азаматтық ұстаным. Біздің 33 кандидаттың ішінде бірде-бір олигарх жоқ. Бірде-бір эстрада жұлдызы немесе миллиондаған жазылушысы бар блогер жоқ. Оның орнына өз саласында нақты нәтижеге қол жеткізген адамдар бар. Мысалы, экологиялық мәселелерді жылдар бойы шешіп жүрген мамандар, инклюзивті білім беру мәселесін өз өмірлік тәжірибесі арқылы көтеріп жүрген аналар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына құқықтық көмек көрсетіп жүрген азаматтар, тұрғын үй мәселесін көтеріп жүрген мамандар бар», – деді.

Одан бөлек, ЖСДП Қарағанды облысы бойынша Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Әубәкіров те жақтастары алдында сөз алып, жерлестеріне сенім білдірді. «Біздің өңір, біздің Қарағанды – өте мықты өңір, мықты қала. Бізде ұрпақтар сабақтастығы ерекше дамыған. Себебі біздің аталарымыз, әкелеріміз бастап кеткен өндіріс саласындағы еңбекті бүгінгі таңда олардың балалары жалғастырып, шахталарда, өндіріс орындарында жұмыс істеп келеді.

Біз осымен күштіміз. Біз осы қасиетімізбен тегеурінімізді көрсетеміз. Біз ұрпағымыздың білімді әрі білікті болғанын қалаймыз. Біздің партия әрқашан әділдікті, теңдікті, еркіндікті талап етеді. Ендеше, ЖСДП-ға дауыс беріңіздер. Біз таңдаймыз! Бақылаймыз! Талап етеміз!», – деп партияның ұранын көтерді.

Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасы аясында мұғалімдерді қолдау жөніндегі жарияланған бастамалар мен олардың күнделікті еңбек жағдайы, жүктемесі, еңбекақысы және әлеуметтік кепілдіктері бойынша өзекті мәселелер талқыланды.

Кандидаттар партияның «Прогресс жолындағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырып, болашақ Құрылтайдың күн тәртібіне енгізуді ұсынып отырған халықтың әлеуметтік мәселелері туралы баяндады.

Тэгтер:

Партия үміткер кандидат ЖСДП