Астанада Ұлттық ұлан сарбаздарының ант беру рәсімі өтті

Бүгін, 09:00 / Алуа Арман
Ұлттық ұлан

Астана қаласындағы Отан-Ана монументі алдында Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің 185 сарбазы әскери ант қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Рәсімге Ақмола, Ұлытау, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды және Абай облыстарынан әскерге шақырылған сарбаздардың ата-аналары мен жақындары, әскери бөлім ардагерлері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Ашық аспан астында сап түзеген сарбаздар Қазақстан халқына, оның заңды түрде сайланған Президентіне ақтық демі қалғанша адал болуға, егеменді мемлекетіміздің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға серт берді. Олардың қатарында келісімшарт негізінде әскери қызметке қабылданған арулар да бар.

Ресми рәсімнен кейін Құрмет қарауыл ротасы қарумен дефиле көрсетіп, қонақтарға әсерлі қойылым ұсынды. Ал жуырда ғана жауынгер атанған спортшы сарбаздар қысқа уақыт ішінде меңгерген әскери қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін паш етті.

Концерттік бағдарлама барысында сарбаздар аналарын биге шақырып, гүл сыйлады. Сапта тұрған ұлдарын көрген ата-аналар толқыныстарын жасыра алмады.

Осылайша жауынгерлік оқу пунктінде әскери даярлықтан өткен жас сарбаздар Отан қорғауға дайын екендіктерін көрсетті.

Тэгтер:

Ұлттық ұлан сарбаз ант беру