Ресей дәрігерлері жұтқыншағына тауық сүйегі тұрып қалған КХДР азаматына көмек көрсетті. Ер адам бөгде затпен алты айдан астам уақыт жүрген.
Осы уақыт аралығында науқасты ұзаққа созылған жөтел мен мезгіл-мезгіл көтерілетін дене қызуы мазалаған. Алайда жағдайының нақты себебі компьютерлік томографиядан кейін ғана анықталды.
Дәрігерлердің айтуынша, жұтқыншақта ұзақ уақыт тұрған сүйек қабыну үдерісін туғызып, оның қабырғасына кірігіп кеткен. Сонымен қатар тыныс жолының саңылауын толық жауып қалған.
Бөгде затты алып тастау күрделі әрі аса дәлдікті талап ететін операция болған. Эндоскопист дәрігер Владимир Егупов сүйекті бронхоскоптың көмегімен шығарды. Аз инвазивті әдістің арқасында ашық операция жасау қажет болмаған.
Сүйек алынғаннан кейін пациент өкпе желдетілуінің ұзақ уақыт бұзылуынан туындаған асқынуларға қарсы ем қабылдады. Қазіргі уақытта оның жағдайы қанағаттанарлық, ауруханадан үйіне шығарылған.
Мамандар тағам немесе басқа зат тыныс жолына түскеннен кейін жөтел, ентігу, кеудедегі ауырсыну немесе дене қызуының көтерілуі ұзақ уақыт сақталса, дереу дәрігерге қаралу қажет екенін ескертеді. Ерте диагностика ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.