Қырғызстан полициясы Ыстықкөл жағалауында болған жанжалға байланысты сотқа дейінгі тексеру бастады. Қазақстаннан барған демалушы әйел пансионатта жұмыс істейтін 14 жастағы қызға күш қолданды деп күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға Ыстықкөл облысындағы Бостері ауылының жағажайында болған. Қазақстандық турист пен пансионаттың кәмелетке толмаған қызметкерлері арасындағы жанжал түсірілген видеолар әлеуметтік желіде тарағаннан кейін құқық қорғау органдары тексеру жүргізуге кірісті.
Threads желісіндегі жарияланым авторының мәліметінше, әйел 14 жастағы қызды соққыға жыққан. Жасөспірімнің миы шайқалып, мұрны сынғаны айтылады. Қыз ауруханаға жатқызылып, дәрігерлердің бақылауына алынған.
Жанжал қоқыстан басталған
Оқиға куәгерлерінің бірінің айтуынша, дау турист демалып отырған орынның маңындағы қоқысқа байланысты шыққан.
Әйел кәмелетке толмаған қыздардан аумақты тазалауды талап еткен. Қыздар қоқысты жинап тастағанымен, тараптар арасында сөз таласы туып, артынша жанжалға ұласқан. Куәгердің сөзінше, турист әйел агрессия танытып, қыздардың біріне күш қолданған.
Әлеуметтік желіде тараған кадрларда жарақат алған қыздың жерде отырғаны және айналасындағылардың оған көмек көрсетуге тырысқаны көрінеді.
Полиция тексеру бастады
Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің Ыстықкөл облыстық басқармасы оқиға бойынша ресми түсініктеме берді.
«Бұл дерек Ыстықкөл аудандық ішкі істер бөлімінің ақпаратты есепке алу журналына тіркеліп, сотқа дейінгі тексеру басталды», – деп хабарлады ведомство.
Оқиғаның толық мән-жайы мен тараптардың әрекетіне құқықтық баға тексеру қорытындысынан кейін беріледі.