Жолаушылар ұшағы жерге қонғаннан кейін күтпеген жағдайға тап болды (ВИДЕО)

Бүгін, 20:51 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

China Eastern Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағында өрт шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдайға жолаушылардың бірінің қол жүгінде болған пауэрбанктің тұтануы себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Ланьчжоудан Гуйянға бағыт алған MU2421 рейсінде болған. Airbus A320 ұшағы әуежайға сәтті қонып, терминалға қарай қозғалып бара жатқан кезде салондағы жоғарғы жүк сөресінен жалын шыққан.

Өрт қол жүгі тұрған сөреден шыққан

Жарияланған кадрларда экипаж мүшесі жүк сөресін ашқан кезде ішінен от лап ете қалғаны көрінеді. Жолаушылар өрт шыққан жерден алыстауға тырысқан. Ата-аналардың бірі кішкентай баласын дереу қауіпсіз жаққа алып кеткен.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, жүк сөресінде пауэрбанк болған. Құрылғы өздігінен тұтанып кетуі мүмкін деген болжам айтылды. Алайда өрттің нақты себебі ресми тексеруден кейін анықталмақ.

Экипаж жалынның салонға таралуына жол бермеу үшін өртті сөндіруге кірісіп, жанып жатқан заттарды сөреден сыртқа шығарған. Көп ұзамай әуежайдың өрт сөндіру қызметі де көмекке жеткен.

Зардап шеккендер жоқ

Aviation Safety Network мәліметінше, оқиға салдарынан жолаушылар мен экипаж мүшелерінің ешқайсысы зардап шекпеген. Ұшақтың салонына түтіннен аздаған зақым келген.

Жолаушылардың бірі алдымен салонның алдыңғы жағынан «өрт» деген айқай естілгенін, адамдардың ұшақтың артқы бөлігіне қарай жылжи бастағанын айтты.

«Алғашында ұшақтың сыртқы бөлігі өртеніп жатыр деп ойладым. Кейін жоғары қарағанымда жүк сөресінен жалын шыққанын көрдім», – деді ол.

Тағы бір куәгер бортсеріктердің жағдайды жедел бақылауға алғанын жеткізді.

«Экипаж сабыр сақтауды сұрап, өртті тез сөндірді. Бақытымызға орай, ұшақ жерге қонып қойған еді», – деді жолаушы.