Белгілі актриса ауыр сырқаттан көз жұмды

Бүгін, 20:32 / Жамбыл Жайлау
instagram/saken_teatry

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актрисасы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Бижамал Кемалова ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін өмірден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бижамал Далабайқызы еңбек жолын 1980 жылдардың басында Сәкен театрында бастап, саналы ғұмырын сахна өнеріне арнады. Ол табиғи талантымен, өзіндік актерлік қолтаңбасымен және әр рөлге асқан жауапкершілікпен қарауымен көрерменнің құрметіне ие болды.

Өнер иесі Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының іргесін қалауға үлес қосқан ардагерлердің қатарында болды.

Сан алуан бейнені сахнада шебер сомдады

Бижамал Кемалова қазақ қыздары мен аруларының, аналар мен әжелердің бейнесін терең шеберлікпен сомдап, әр кейіпкерінің мінезі мен жан дүниесін көрерменге нанымды жеткізе білді.

Әріптестері оны театр ұжымының мақтанышы, жас актерлерге ақыл-кеңес айтып, тәжірибесін үйреткен тәлімгер ретінде еске алды.

Қазақ мәдениетіне сіңірген көпжылдық еңбегі үшін актриса «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, Қазақстанның Мәдениет қайраткері атағына ие болған.

Бижамал Кемалованың жарқын рөлдері

Актриса шығармашылық жолында көптеген есте қаларлық образ жасады. Олардың қатарында:

«Досымның үйленуі» қойылымындағы Биғаным, «Қарагөздегі» Мөржан, «Ғашықтың тіліндегі» Сүйімқан, «Қайран жас дәурендегі» Воронкова, «Аққу сезімдегі» Ақдидар, «Мусье Жордандағы» Шахрабану және «Тәнге түскен раушангүлдегі» Мисс Йорк рөлдері бар.

Өнер майталманының сахнада жасаған бейнелері қазақ театр өнерінің тарихында сақталып, көрермен жадында мәңгі қалмақ.

Сәкен театрының ұжымы марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне қайғыра көңіл айтты.

Тэгтер:

Бижамал Кемалова