18 жастағы жігіт суға секіремін деп мойын омыртқасын сындырып алды

Бүгін, 20:02 / Жамбыл Жайлау
pexels.com

Шығыс Қазақстан облысында 18 жастағы жігіт суға сүңгу кезінде ауыр жарақат алды. Ол таяз жерге басымен түсіп, мойын омыртқасын сындырып алған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының мәліметінше, пациент 21 шілдеде қабылдау бөліміне омыртқасының ауыр жарақатымен жеткізілген.

Дәрігерлердің айтуынша, жас жігіт таяз суға сүңгіп, басын су түбіне соққан. Соның салдарынан оның мойын омыртқасының С7 деңгейі уатылып сынған.

Қажетті тексеру мен дайындықтан кейін пациентке келесі күні күрделі операция жасалды. Медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуінің арқасында ота сәтті аяқталған.

Қазіргі уақытта жігіттің жағдайы айтарлықтай жақсарған. Оның қолы мен аяғындағы сезімталдық қалпына келе бастаған.

Дәрігерлер су айдынының тереңдігін тексермей сүңгу аса қауіпті екенін ескертті. Мамандардың сөзінше, бір ғана абайсыз секіру адамның мүгедек болып қалуына немесе өліміне әкелуі мүмкін.

Тэгтер:

ШҚО Су