Қазақстан Халық партиясының өкілдері Ақмола облысы Атбасар қаласында ерекше балалардың ата-аналарымен кездесті. Кездесу барысында аутизм спектрі бұзылған балаларға көрсетілетін қолдау, оңалту қызметтерінің қолжетімділігі және маман тапшылығы мәселелері көтерілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Партия төрағасы Нұрсұлтан Шоқановтың айтуынша, 30 мыңнан астам тұрғыны бар Атбасар қаласында аутизм спектрі бұзылған балалар саны аз емес. Алайда оларға қызмет көрсететін бір ғана даму орталығы бар және білікті мамандар жетіспейді.
Нұрсұлтан Шоқанов ерекше балаларды қолдау мәселесі өзіне жақын екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай диагнозы бар балалардың уақытылы көмек алуы аса маңызды, сондықтан өңірлерде дамыту және оңалту орталықтарының санын көбейту қажет.
Ол Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында инклюзивті қоғам қалыптастыруға ерекше мән берілгенін айтты. Бағдарлама аясында мүгедектігі бар азаматтардың сапалы білім алуы, қоғам өміріне толыққанды араласуы үшін жағдай жасау, сондай-ақ шағын қалалар мен ауылдарда оңалту орталықтарын, инклюзия кабинеттерін ашу және ерекше балаларға тьюторлармен қолдау көрсету көзделген.
Сондай-ақ партия төрағасы Алматы қалалық мәслихатының депутаты болған кезінде инвотаксиге автобус жолағымен жүруге рұқсат беру туралы бастаманы қолдап, оның жүзеге асуына ықпал еткенін еске салды. Оның айтуынша, бұл шешім мүгедектігі бар азаматтардың қала ішінде кедергісіз әрі жылдам қатынауына мүмкіндік берді.
Кездесу барысында Атбасар тұрғындары ерекше балаларды қолдау жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтып, өзекті мәселелерін жеткізді. Нұрсұлтан Шоқанов көтерілген мәселелердің назарға алынатынын және оларды шешу бағытындағы жұмыстың жалғасатынын айтты.
«Инклюзивті қоғам құру – біздің басты мақсатымыз. Біз әртүрліміз, бірақ бірдейміз», – деді Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов.