Ақмола облысына жұмыс сапары барысында «Ақ жол» демпартиясының төрағасы Дания Еспаева мен партияның үгіт-насихат тобы Көкшетаудағы өндірістік және тұтыну мақсатындағы тауарларға арналған заманауи қаптама өнімдерінің кең түрін шығаратын «NOVAPEK» зауытында болып қайтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Компания Орталық Азия мен ТМД елдері бойынша ішкі және сыртқы нарықта табысты жұмыс істеп келе жатқан осы саладағы ірі кәсіпорынның бірі.
Кәсіпорын басшылығы өз қызметі туралы баяндап, «Ақ жол» демпартиясына отандық өндірушілерді қолдау, қайта өңдеу кәсіпорындарын химия өнеркәсібі материалдарымен қамтамасыз ету, нарықты қорғаудың тарифтік емес тетіктерін жетілдіру және т.б. жөніндегі ұсыныстары мен мәселелерін жеткізді.
Еңбек ұжымдарымен пікір алмасу барысында (олардың басым бөлігі әйелдер), жұмысшылардың өтініші бойынша, Дания Мәдиқызы халықтың несие және қарыз жүктемесін азайту, азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, коллекторлардың заңсыз әрекеттерінен қорғау және өзге де мәселелер жөніндегі сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Кездесу ашық әрі мазмұнды пікір алмасу форматында өтті. Әңгіме соңында зауыт қызметкерлері Дания Еспаева мен «Ақ жол» демпартиясына қарапайым азаматтардың, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдерінің мүддесін қорғау жолындағы табанды еңбегі үшін алғыс білдіріп, партияға алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауда сәттілік тіледі.