Ақтөбе облысында ҚАЖ мекемесіне тыйым салынған затты өткізуге бағытталған кезекті әрекеттің жолы кесілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №70 мекемесінде жедел бөлім қызметкерлері режим және күзет бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, тыйым салынған затты мекеме аумағына өткізудің кезекті әрекетінің жолын кесті.
Тергеудегі азаматқа арналған сәлемдемені тексеру кезінде картоп езбесінің ішінен Nokia телефоны мен SIM-карта анықталып, тәркіленді.
Тыйым салынған затты өткізуге әрекет жасаған азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал рәсімделіп, тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті түзеу мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттарды өткізуге бағытталған кез келген әрекет Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.