«Таза Қазақстан»: Абай облысында 8 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Бүгін, 15:14 / Алуа Арман
polisia.kz

Абай облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 8 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Абай облысында абаттандыру деңгейін арттыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған республикалық “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы жалғасып жатыр.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері тұрақты түрде рейдтік және профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Оның барысында санитарлық талаптар мен абаттандыру қағидаларын сақтамау фактілерінің жолы кесілуде. Ерекше назар қоғамдық орындарға, аула аумақтарына және демалыс аймақтарына аударылып келеді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 700-ден астам дерегі, сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзудың 7300-ден астам фактісі анықталды.

Жалпы алғанда, 8 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді. Анықталған барлық құқық бұзушылық бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.

Полиция тұрғындарды тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға, қоршаған ортаны ластамауға және қоғамдық кеңістіктерге жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Тэгтер:

құқық бұзушылық Абай облысы Таза Қазақстан