«Заң мен тәртіп»: Павлодар облысында жол ережесін бұзған 3 мыңға жуық жүргізуші ұсталды

Бүгін, 12:00 / Алуа Арман
polisia.kz

Павлодар облысында полиция жаппай рейдтердің қорытындысын шығарып, жүргізушілерге арналған реформалар туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафинов рейд нәтижелерін қорытындылап, автокөлік жүргізушілерін күтетін заңнамадағы маңызды өзгерістерді түсіндірді.

Тоғыз күнге созылған рейд барысында өңір жолдарында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 3 мыңға жуық фактісі анықталды.

Патрульдік полиция қызметкерлері 207 автокөлікті арнайы тұраққа қойып, 108 жүргізушінің мемлекеттік нөмірлік белгілерін алып қойды. Ең көп тіркелген құқық бұзушылықтардың қатарында қауіпсіздік белдігін тақпау – 1 130 факт, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану – 465 факт, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару – 151 факт, көлік құралын заңсыз қайта жабдықтау – 124 факт, көлікті мас күйінде басқару – 73 факт және қарсы қозғалыс жолағына шығу – 32 факт бар.

Брифинг барысында жол қозғалысы саласындағы заңнамаға енгізілген, 25 тамыздан бастап күшіне енген өзгерістер туралы да айтылды. Ведомство өкілдері қатаң шаралардың тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отырғанын атап өтті. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, адам өмірін сақтауға бағытталған.

Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты — Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.

Тэгтер:

Павлодар облысы жүргізуші жол ережесі Заң мен Тәртіп рейд