ЖСДП белсенділері мен зейнеткерлер «Бостандық марафонында» бас қосты

Бүгін, 23:00 / Дана Ізтілеуова

Бүгін елордадағы Триатлон саябағында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) ұйымдастыруымен «Бостандық марафоны» атты ауқымды спорттық мереке өтті. Осы бір ірі шараға ЖСДП-дан ҚР Құрылтайының депутаттығына кандидаттар Мақсұт Насибулов, Ажар Сағандықова, Нұрлан Әуесбаев, Нұрлан Жабаев, Наурыз Сайлаубай сондай-ақ партия белсенділері, жастар қанаты, еріктілер мен қаланың белсенді зейнеткерлері қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қатысушылар скандинавиялық таяқтармен белгіленген қашықтықты бағындырып, ұрпақтар сабақтастығы мен ынтымағын паш етті. Марафонның басты тақырыбы ЖСДП-ның ұсынысы бойынша зейнет жасын кезең-кезеңімен төмендету туралы талабы болды. Бұл партияның «Прогресс жолындағы 20 белес!» сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі.

Партия әйелдердің зейнетке шығу жасын 58, ал ерлердің зейнетке шығу жасын 60 жас деп белгілеуді нақты көрсетеді. Марафонға қатысушылар осы жас мөлшерлері таңбаланған арнайы киім үлгілерін киіп, марафон мәресін кесіп өтті.

Тағы бір айта кетерлігі, ЖСДП-ның сайлау бюллетеніндегі реттік саны – 2. Осыған байланысты шараға қатысушылар бұл реттік санды бүгінгі күннің символикасының бірі ретінде көрсетті.

ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасында атап көрсетілгендей, партия ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасын төмендетуді ұсынатын зейнетақы жүйесін түбегейлі реформалауды қолдайды. Сонымен қатар, бағдарламада зейнетақы төлемдерінің көлемін «Қазақстандық өмір сүру сапасының стандартына» байланыстыру және мемлекеттің тікелей міндеттемесі ретінде әрбір зейнеткер үшін лайықты өмірдің базалық деңгейін қамтамасыз ету көзделген.

Старт алаңында сөз сөйлеген Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Әуесбаев үлкенге құрмет көрсету – қоғамның басты құндылығы, ал зейнеткерлерге деген қамқорлық кемелділіктің көрсеткіші екенін атап өтті.

«Бүгінгі «Бостандық марафонында» біз қаламыздың белсенді зейнеткерлерімен иық тіресе жүгірдік. Бұл жай ғана спорттық шара емес, бұл қоғамды «үлкен» және «жас» деп бөлуге болмайтын мейірімділіктің бейнесі. Бұл сөзімді партия өкілдері де қуаттап отыр. Әбден қартайып, кәрілікке мойынсұну, онымен арпалысу адамшылықтың шыңы болмауы тиіс. Бұл қазіргідей өркениетті қоғамның қағидаттарына қайшы. Осыған байланысты ЖСДП ұсынып отырған зейнет жасын төмендету – тарихи және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру деп білген дұрыс», – деді ЖСДП мүшесі, марафоншы Нұрлан Әуесбаев.

Партия, сондай-ақ қарттыққа салынатын барлық жасырын салықтардың күшін жоюға және зейнеткерлік жаста тұрақтылық пен лайықты өмір сүруді кепілдендіру үшін зейнетақыны ерекше қарқынмен индекстеу керектігіне қол жеткізуді көздейді. Іс-шара барлық қатысушылардың партия рәміздері аясында бірге естелік суретке түсуімен аяқталды. Бұл бүкіл ел бойынша жалғасатын жасампаздық пен құрмет эстафетасына бастау болды.