Алматы әуежайында мас күйде қоғамдық тәртіпті бұзған екі ер адам Астанаға бағыт алған рейске мінгізілмеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушылар тіркеу кезінде жанжал шығарып, әуе компаниясы қызметкерлерінің талабына бағынбаған. Осыдан кейін оқиға орнына көлік полициясының қызметкерлері шақырылды.
Тәртіп сақшылары 37 жастағы Алматы тұрғыны мен Түркістан облысында тұратын 26 жастағы ер адамды рейстен шеттетті. Медициналық тексеру олардың екеуінің де алкогольдік мас күйде болғанын растаған. Сонымен қатар 26 жастағы жолаушы айналасындағыларға былапыт сөздер айтып, агрессивті мінез көрсеткен.
Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазановтың айтуынша, жолаушылардың біріне қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Ол мұндай құқық бұзушылықты қайталап жасағандықтан, іс материалдары сотқа жолданған.
Екінші ер адамға қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін 10 АЕК, яғни 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған тағы 20 АЕК немесе 86 500 теңге айыппұл тағайындалды.
Полиция өкілдері әуежайлар мен басқа да көлік нысандарында тәртіп бұзған азаматтар рейстен шеттетіліп қана қоймай, әкімшілік, ал кей жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.