«Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Түркістан облысының кәсіпкерлер қауымдастығы және аграрлық сектор өкілдерімен кездесті. Басқосуда отандық өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту және экспорттық әлеуетті кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алғашқы кездесу SPK Turkistan индустриялық паркіндегі Turan Su кәсіпорнының аумағында өтті. Оған өндірістік кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің, инвесторлардың, логистикалық компаниялар мен индустриялық парктердің өкілдері қатысты. Жиын барысында партияның бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуға, отандық өндірісті қолдауға және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауға бағытталған сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылды.
Құрылтай депутаттығына кандидат Ренат Бектұров кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тартуда заң үстемдігі, әділ қағидалар және болжамды бизнес-ортаның маңызына тоқталды.
Снежанна Имашева мемлекет пен бизнес арасындағы ашық әрі сенімді қарым-қатынастың маңызын атап өтіп, кәсіпкерлікке тұрақты жағдай жасалмайынша экономиканың орнықты дамуы мүмкін еместігін айтты. Ал сайлауалды штаб мүшесі Елдар Жұмағазиев тарифтер мен төлемдер өзгерген кезде өтпелі кезең енгізу, сондай-ақ шағын қалалар мен ауылдық жерлердегі бизнесті қолдау шараларын кеңейту жөніндегі партияның ұсыныстарын таныстырды.
Күннің екінші жартысында штаб өкілдері Отырар ауданындағы «Таймас 2024» шаруашылығының базасында шаруа қожалықтарының басшыларымен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен және аграрлық сектор өкілдерімен кездесті. Онда азық-түлік қауіпсіздігі, ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту және отандық өндірушілердің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері сөз болды.
Кездесу барысында аграршылар қаржыландыру, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, қайта өңдеу өндірістерін дамыту, сумен қамтамасыз ету және саланы цифрландыру мәселелерін де көтерді.
Жиынды қорытындылаған «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай экономика мен ауыл шаруашылығы салаларындағы шешімдерді әзірлеу кезінде кәсіпкерлер мен аграршылармен тұрақты диалог жүргізудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бастамалардың бірі – агроөнеркәсіп кешеніне арналған мемлекеттік сервистерді бір цифрлық экожүйеге біріктіретін E-АӨК бірыңғай цифрлық платформасын құру. Бұл платформа фермерлерге бір ғана жеке кабинет арқылы жер, су, субсидиялар, ветеринариялық бақылау, өндіріс және өзге де мемлекеттік қызметтер туралы мәліметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Мұндай кездесулер алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады. «Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы тұрғындармен, кәсіпкерлермен, аграрлық сектор өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен және қоғам белсенділерімен кездесу өткізіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылайды.