Шетелдік туристің көлігі Қазақстанға кіргенде бұғатталып қалған

Бүгін, 21:00 / Жамбыл Жайлау
carnewschina.com

Қытайдан Еуропаға сапарға шыққан Zeekr 9X кроссоверінің иесі Қазақстан шекарасынан өткеннен кейін көліктің кейбір электронды функциялары істемей қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

CarNewsChina басылымының жазуынша, Лю есімді турист Қазақстан аумағына кірген соң автокөліктің зияткерлік жүйелеріне 30 сағаттан астам уақыт бойы қол жеткізе алмаған. Атап айтқанда, навигация, жүксалғышты басқару және жанармай багының электронды қақпағы бұғатталған.

Көлік иесі сапарын 8 шілдеде бастаған. Ал 16 шілдеде Қазақстан шекарасынан өткеннен кейін автомобильдің қорғаныс режимі автоматты түрде іске қосылған.

Людің айтуынша, жолға шығар алдында ол ресми дилерге сапар бағытын алдын ала хабарлаған. Алайда Қытай аумағынан шыққан жағдайда көліктің кейбір функциясына шектеу қойылуы мүмкін екені ескертілмеген.

Zeekr компаниясы не деді?

Компания өкілдері шектеудің көлік ұзақ уақыт Қытай аумағынан тыс жерде болған кезде қосылатын қауіпсіздік жүйесіне байланысты екенін түсіндірді.

Өндірушінің мәліметінше, бұл механизм автомобильді ұрлау, заңсыз шетелге әкету және халықаралық тасымалдау кезіндегі басқа да қауіптерден қорғау үшін енгізілген.

Сонымен қатар компания көлік толықтай бұғатталмағанын атап өтті. Автомобильдің қозғалтқышы, рульдік басқару және тежегіш жүйесі қалыпты жұмыс істеген.

Zeekr өкілдері қуаттау ұясының қақпағын қолмен ашуға болатынын айтты. Ал жанармай багын ашу үшін апаттық сигнал түймесін бес секунд басып тұру қажет.

Сапардың заңдылығы расталғаннан кейін компания арнайы авторландыру коды арқылы шектеуді алып тастай алады. Алайда мұндай рұқсат тек белгілі бір аймақ аумағында жарамды. Көлік бірнеше мемлекеттің шекарасынан өтсе, қауіпсіздік жүйесі қайта іске қосылуы ықтимал.

Компания туристің мәселесі шешілгенін хабарлады. Сондай-ақ халықаралық сапарға шығатын жүргізушілерге қолайлы болуы үшін қауіпсіздік механизмін жетілдіруге уәде берді.

Тэгтер:

Қытай көлік