"Құрамаға алу керек": Спортшылармен жарыса жүгірген оператор желі жұлдызына айналды (ВИДЕО)

Бүгін, 20:30 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Астанада өтіп жатқан жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатында спортшылармен қатарласа жүгіріп, жарысты түсірген оператор әлеуметтік желі қолданушыларын таңғалдырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ерекше видеоны бапкер Әсия Рабаева жариялаған. Кадрдан оператордың 100 метрлік жарысты түсіріп келе жатып, спортшылардан қалыспай жүгіргенін көруге болады.

Ролик бір тәулікке жетпей 500 мыңнан астам қаралым жинап, қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары оператордың жылдамдығына тәнті болып, оны әзіл-қалжыңмен Қазақстан құрамасына алуды ұсынған.

"Камерасы болмағанда, бірінші келетін еді", "Оператор спортшылардан да жылдам", "Оны ұлттық құрамаға алыңыздар" деген пікірлер жазылды.

Желі жұлдызына айналған оператор кім?

Kaz.tengrisport.kz жазуынша, видеодағы оператордың есімі – Ыбырай Төлемісов. Ол жеңіл атлетика федерациясында немесе спорттық телеарнада емес, Шымкент қаласының спорт басқармасында жұмыс істейді.

Оның әлеуметтік желідегі парақшасында жарыстар кезінде спортшылармен бірге жүгіріп, ерекше ракурстан түсірген видеолары бұған дейін де жарияланған. Алайда дәл осы ролик көпшіліктің назарын аударып, операторды бір күнде танымал етті.

"Бұл – жай ғана көп қаралым жинаған видео. Негізі мұндай кадрларды күн сайын түсіремін", – деді Ыбырай Төлемісов.

Оператордың айтуынша, спортшылармен қатар жүгіріп, сапалы кадр түсіру үшін жоғары физикалық дайындық қажет. Ол күн сайын жаттығып, жүгірумен және велосипед тебумен айналысады. Сондай-ақ тауға шығып, скайраннинг, жүзу, ат спорты және тау шаңғысын серік еткен.

Тэгтер:

оператор