Атырау тұрғыны өзінің жүрегін пышақ сұққан танысына кешірім берді

Бүгін, 17:26 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Құрманғазы көшесіндегі металл конструкцияларын дайындау цехында екі таныс адам арақ ішкен. Соңы ұрыс-керіске ұласқан отырыс кезінде ер адамдардың бірі ас үйде пайдаланатын пышаққа жармасқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс материалдарынан белгілі болғандай, жанжал отырыс басталғаннан кейін шамамен бір сағаттан соң туындаған. Сотталушының айтуынша, төбелес кезінде ол қарсыласынан жеңіліп бара жатқанын түсініп, үстелдің үстінде тұрған ас үй пышағын алып, бір соққы жасаған.

Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, жәбірленуші жүрек қабы мен жүректің оң жақ қарыншасы зақымданып, көкірек қуысының жарақатын алған. Жарақат екінші дәрежелі геморрагиялық шокпен қатар жүріп, денсаулыққа ауыр зиян келтіру ретінде сараланды.

Сотта жәбірленуші өзінің мас болғанын, жанжалды өзі бастағанын және пышақ жарақатын алған сәтті байқамай қалғанын айтты. Оқиғадан кейін шабуылдаушы жедел жәрдем шақырып, оған көмектесуге тырысқан. Ер адам танысын кешіргенін, оған ешқандай шағымы жоғын айтып, оны бостандығынан айырмауды өтінді.

Сотталушы кінәсін толықтай мойындап, өкінді.

Сот оны денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін айыпты деп танып, үш жылға бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Дегенмен, кінәні мойындауын, өкінуін, бұрын сотталмағанын, жәбірленушіге көмек көрсеткенін және оның сотталушыны колонияға жібермеу туралы өтінішін ескере отырып, жаза шартты түрде белгіленді.

Пробациялық бақылау кезеңінде ер адамға ескертусіз тұрғылықты жерін ауыстыруға, облыстан шығуға, түнде үйден шығуға және алкогольдік ішімдік тұтынатын орындарға баруға тыйым салынды