Семейде бір күнде екі бала терезеден құлап кетті

Бүгін, 17:30 / Алуа Арман
istockphoto.com

Өткен тәулікте Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында кішкентай екі бала терезеден құлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алғашқы жағдайда алтыншы қабаттағы пәтердің терезесінен 2 жасар бала құлап кеткен. Өкінішке қарай, бүлдіршін алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Екінші жағдайда екінші қабаттың терезесінен 3 жасар бала құлаған. Ол ауруханаға жеткізіліп, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында жатыр.

Екі оқиға да Қарағайлы шағын ауданында болған.

Осы қайғылы жағдайларға байланысты Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері профилактикалық жұмысты күшейтті. Кешкі уақытта полицейлер тұрғын үйлерді аралап, дауыс күшейткіш арқылы тұрғындарға кішкентай балаларды, әсіресе терезесі ашық бөлмелерде, қараусыз қалдырмауға шақырды.

Сондай-ақ азаматтардың назары масаға қарсы торлардың жалған қауіпсіздік сезімін қалыптастыратынына аударылды. Олар баланың салмағын көтере алмайды және құлаудан қорғамайды.

Абай облысы Полиция департаменті ата-аналар мен заңды өкілдерді қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады:

кішкентай балаларды қараусыз қалдырмау;

баланың терезе алдына шығуына мүмкіндік беретін жиһаздарды терезе маңына қоймау;

терезелерге арнайы бекіткіштер немесе ашылуын шектейтін құрылғылар орнату;

бірнеше секундтық назарсыз қалудың өзі орны толмас қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ұмытпау.

Тэгтер:

Бала Семей Терезе Құлау