24 шілдеде Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сауда қорытындысы бойынша АҚШ долларының орташа сараланған бағамы 476,07 теңгені құрады. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 9,85 теңгеге жоғары, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ресей рублі де нығайып, бағамы 0,13 теңгеге өсіп, 6,08 теңгеге жетті. Ал Қытай юаны 1,50 теңгеге қымбаттап, 70,25 теңгені құрады.
Еліміздегі айырбастау пункттерінде долларды 472 теңгеден сатып алып, 477 теңгеден сатып жатыр. Еуроның бағамы 540–546 теңге, ал Ресей рублі 5,69–5,83 теңге аралығында саудалануда.
Сонымен қатар әлемдік мұнай бағасы өсуді жалғастырып отыр. Brent маркалы мұнайдың қыркүйек айындағы фьючерстері 0,37%-ға қымбаттап, бір баррелі 101,06 АҚШ долларына жетті. Ал WTI маркалы мұнай бағасы 1,9%-ға өсіп, бір баррелі 91,20 АҚШ долларын құрады.
24 шілде күні таңертең Қазақстан Ұлттық банкі АҚШ долларының ресми бағамын 465,74 теңге, еуроны 531,08 теңге, ал Ресей рублін 5,92 теңге деңгейінде белгілеген болатын.