Атырауда интернет-алаяқтыққа қатысы бар 24 күдікті ұсталды

Бүгін, 16:04 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Атырау облысында интернет-алаяқтыққа қатысы бар 24 күдікті анықталды. Тергеу мәліметінше, олар алаяқтық схемаларында дроппер ретінде әрекет етіп, қылмыстық жолмен алынған ақшаны өздерінің банк шоттары арқылы өткізіп отырған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу барысында күдіктілер жеке деректері мен банк шоттарына қатысты құпия мәліметтерді бөгде адамдарға бергені анықталды. Соның салдарынан жәбірленушілерден алынған қаражат алдымен олардың есепшоттарына түсіп, кейін басқа тұлғалардың шоттарына аударылған. Осылайша, қылмыстық әрекеттің ізі жасырылған.

Полицияның мәліметінше, мұндай қылмыстардың көбеюіне азаматтардың банк картасы мен есепшотының құпия деректерін (карта нөмірі, CVV-код, SMS-кодтар, логин мен пароль) оңай бере салуы себеп болып отыр. Көп жағдайда адамдар «жеңіл табыс», «картаңызды жалға беріңіз» немесе «ақшаңызды көбейтеміз» деген жалған ұсыныстарға сеніп, өздері де алаяқтық схемасының қатысушысына айналады.

Осыған байланысты Атырау облысының полиция департаменті тұрғындарды сақ болуға шақырды.

Ведомство банк картасы мен есепшоттың құпия деректерін ешкімге бермеуге, күмәнді ұсыныстар мен «жеңіл табыс» туралы хабарламаларға сенбеуге және белгісіз сілтемелер мен қосымшаларды пайдаланбауға кеңес береді.

Полиция өз есепшотының деректерін бөгде адамдарға беру заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Мұндай әрекет алаяқтыққа қатысу ретінде бағаланып, қылмыстық жауапкершілікке себеп болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейтіп, мұндай қылмыстарға қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Егер күмәнді жағдайларға тап болсаңыз немесе заңсыз әрекеттер туралы ақпарат білсеңіз, дереу полицияға хабарлаңыз. Интернеттегі қауіпсіздік – әр азаматтың өз жауапкершілігінде.