Халықаралық Prix Versailles сәулет және дизайн сыйлығы 2026 жылдың ең әдемі дүкендерінің қысқа тізімін жариялады. Биыл әлемнің әр түкпірінен жеті сауда нысаны таңдалды. Олардың қатарында Бейжің, Париж, Токио, Майами, Беверли-Хиллз және Нью-Йорктегі сәнді брендтердің дүкендері бар, деп хабарлайды turkystan.kz.
Prix Versailles бас хатшысы Жером Гуаданның айтуынша, биылғы тізімге енген дүкендер тек сауда орны ғана емес, сәулет, өнер және бренд тарихын тоғыстырған ерекше кеңістік ретінде бағаланған.
«2026 жылғы әлемдегі ең әдемі дүкендер тізіміне енген жобалар өз брендтерінің тарихы мен мәдениетіне, эмоциясы мен кәсіби шеберлігіне сүйенеді. Олар қоршаған ортамен үйлесе отырып, шығармашылық пен шабыттың орталығына айналады», – деді ол.
House of Dior (Бейжің, Қытай) – сәулетшісі Кристиан де Портзампарк. Бутиктің дизайнында Dior брендінің танымал өрнектері Қытай мәдениетіне тән алтын түсті шыны элементтермен үйлестірілген. Ішкі кеңістікте заманауи суретшілердің туындылары қойылған.
RH Champs-Élysées (Париж, Франция) – Foster + Partners бюросының жобасы. Галерея британдық сәулет стилі мен калифорниялық интерьер дизайнын біріктіріп, Париждің қақ ортасында орналасқан ерекше сауда кеңістігін ұсынады.
Saint Laurent Montaigne (Париж, Франция) – Casper Mueller Kneer Architects әзірлеген бутик. Бұл дүкен сән үйінің сауда орны ғана емес, өнер галереясы ретінде де жасалған. Мұнда Пино коллекциясындағы өнер туындылары, соның ішінде суретші Марк Брэдфордтың бұрын көпшілікке көрсетілмеген еңбегі қойылған.
Tiffany & Co. Ginza (Токио, Жапония) – Tiffany Blue түсіндегі толқын тәрізді шыны қасбетімен ерекшеленеді. Интерьерде жарықтың зергерлік бұйымдарға түсуі ерекше шешіммен көрсетіліп, баспалдақтардан Токио бақтарына көрініс ашылады.
Cartier (Майами, АҚШ) – Diller Scofidio + Renfro жобасы. Дүкеннің қасбеті Cartier-дің 1909 жылғы тарихи брошының өрнегінен шабыт алған. Ал интерьерінде Майамидің табиғаты – пальмалар мен маржан рифтерінің элементтері қолданылған.
House of Dior (Беверли-Хиллз, АҚШ) – Peter Marino Architects әзірлеген. Интерьерде Кристиан Диордың гүлдер мен өсімдіктерге деген сүйіспеншілігі көрініс тапқан. Бутиктің ортасында бақ орналасса, коллекциялар әйгілі өнер туындыларының аясында ұсынылған.
Issey Miyake (Нью-Йорк, АҚШ) – SO–IL сәулет бюросының жұмысы. Кеңістік америкалық индустриялық стиль мен жапон минимализмін үйлестіреді. Мұнда дүкенмен қатар тұрақты түрде жаңартылып отыратын көрме галереясы да жұмыс істейді.
Жыл соңында Prix Versailles қазылар алқасы осы жеті нысанның ішінен ең үздік үш жобаны таңдап, әлемдік бас жүлдені табыстайды.