Йогамен тұрақты түрде айналысу адамның тек физикалық емес, психикалық денсаулығына да оң әсер етеді. Бұл тәжірибе қан қысымын төмендетуге, арқа мен буындардағы ауырсынуды азайтуға, сондай-ақ ұйқы сапасын жақсартуға көмектеседі. Бұл туралы Пирогов университетінің сарапшысы Ульяна Махова айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Йога қан қысымы мен жүрек жұмысына қалай әсер етеді?
Маманның айтуынша, жүргізілген зерттеулер йогамен айналысу артериялық гипертониясы бар адамдарда систолалық және диастолалық қан қысымын статистикалық тұрғыдан айтарлықтай төмендететінін көрсеткен.
Орта есеппен:
систолалық қысым 5–10 мм сынап бағанасына;
диастолалық қысым 3–6 мм сынап бағанасына төмендейді.
Бұл әсер жаяу жүру немесе велосипед тебудің пайдасымен шамалас.
Сонымен қатар йога жүректің жұмысын жақсартып, оның күйзеліске бейімделу қабілетін арттырады. Метаболикалық синдромы бар адамдарда жалпы холестерин мен төмен тығыздықтағы липопротеиндердің («жаман» холестерин) деңгейі төмендеп, жоғары тығыздықтағы липопротеиндердің («жақсы» холестерин) деңгейі жоғарылайтыны байқалған.
Йога арқа мен буын ауруларына көмектесе ме?
Зерттеулерге сәйкес, йога созылмалы бел ауруы бар адамдарда қысқа және орта мерзімде ауырсынуды азайтып, қимыл-қозғалыс мүмкіндігін жақсартады.
Йоганың тиімділігі бұл зерттеулерде емдік дене шынықтырудың (ЕДШ) нәтижелерімен бірдей болған.
Сондай-ақ остеоартритке шалдыққан науқастардың қимыл-қозғалысын жақсартып, ауырсыну мен буындардың сіресуін азайтуға ықпал етеді. Соның арқасында стероидты емес қабынуға қарсы препараттарды (ҚҚСП) қолдану мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді.
Йога психикалық жағдай мен ұйқыға әсер ете ме?
Маманның айтуынша, йога депрессия мен мазасыздық бұзылыстарын емдеуде де пайдалы.
Әсіресе баяу тыныс алу мен босаңсу тәсілдерін қамтитын йога жаттығулары, соның ішінде йога-нидра, ұйқының сапасын жақсартып, ұйықтап кету уақытын қысқартады.
Бұл әсерлер ұйқысыздыққа шалдыққан адамдардың қатысуымен жүргізілген полисомнографиялық зерттеулер арқылы дәлелденген.