«Ертең бастаймын»: Неліктен маңызды істі кейінге қалдыра береміз?

Бүгін, 04:00 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Адамның маңызды немесе қажет істерді кейінге қалдырып, оның орнына басқа, маңызы төмен әрекеттермен айналысу әдетін прокрастинация деп айтадыКөпшілік прокрастинацияны жалқаулықпен немесе уақытты дұрыс жоспарлай алмаумен байланыстырады. Алайда психологтардың айтуынша, мәселенің түп-төркіні мүлде басқа. Мамандардың пікірінше, прокрастинация – адамның күйзеліске және жағымсыз эмоцияларға қарсы қолданатын психологиялық қорғаныс механизмі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Чикагодағы ДеПол университетінің психология профессоры Джозеф Феррари прокрастинацияны ұзақ уақыт бойы жалқаулықпен байланыстырып келгенімізді айтады. Оның сөзінше, істі кейінге қалдыру – адамның қиын немесе жағымсыз сезімдерден уақытша қашу тәсілі.

Бұл пікірді Ұлыбританиядағы Шеффилд университетінің психологы Фуския Сируа да қолдайды. Оның айтуынша, прокрастинация уақытты басқару мәселесі емес, эмоцияларды басқару мәселесі. 

«Көп адам прокрастинацияны тайм-менеджменттің әлсіздігі деп ойлайды. Бірақ бұл – қате түсінік. Адам істі уақыт жетпегендіктен емес, сол тапсырма тудыратын жағымсыз сезімдерден қашу үшін кейінге қалдырады», – дейді ғалым.

Жағымсыз эмоциялар істі кейінге қалдырады

Зерттеушілердің айтуынша, адам көбіне іш пыстыратын, қиын немесе жауапкершілігі жоғары тапсырмаларды кейінге қалдырады. Себебі мұндай істер қорқыныш, сенімсіздік, мазасыздық немесе күйзеліс сияқты эмоциялар туғызады. Ал істі кейінге шегеру сол сәтте адамға уақытша жеңілдік сыйлайды.

Фуския Сируа мұны «эмоцияға бағытталған қорғаныс стратегиясы» деп атайды. Мысалы, қағазбастылық немесе күрделі құжаттарды рәсімдеу адамға жағымсыз әсер етсе, ол бұл істі орындамай-ақ өзін жақсырақ сезінеді. Бірақ бұл жеңілдік уақытша ғана.

Ғалымның айтуынша, адамдар жаңа немесе аса маңызды тапсырмалар алдында да жиі прокрастинацияға ұшырайды. Себебі олар өз қабілетіне күмәнданады немесе өзгелердің бағасынан қорқады.

Сәтсіздікке ұшыраудан қорқу

Джозеф Ферраридің пікірінше, көптеген адам өзгелердің өзін қабілетсіз деп ойлағанынан гөрі, жалқау деп санағанын жеңілірек қабылдайды. Сондықтан кейде адам тапсырманы орындамай қоюды таңдайды.

Яғни прокрастинацияның артында көбіне жалқаулық емес, сәтсіздікке ұшырау қорқынышы жатады.

Логика эмоцияны әрдайым жеңе алмайды

Карлтон университетінің психологы, прокрастинацияны зерттеу тобының жетекшісі Тимоти Пичилдің айтуынша, адамдар жағымсыз эмоциялар тудыратын істерді кейінге қалдыруға бейім.

Сондықтан көптеген кеңестердің – тапсырманы бөліктерге бөлу, жұмыс кестесін өзгерту немесе алаңдататын факторларды азайтудың – барлығына бірдей әсері бола бермейді. Өйткені олар эмоционалдық мәселені логикалық әдістермен шешуге тырысады.

Фуския Сируа егер адам өзіне сенімсіз болғандықтан істі кейінге қалдырса, алдымен тапсырманы орындауға қажетті ақпарат пен ресурстың толық екеніне көз жеткізуге кеңес береді. Нұсқаулық түсінікті ме, қосымша сұрақтар бар ма – осының бәрін нақтылап алған жөн. Себебі жұмыс басында қиындық туындаса, оны аяқтамай тастау ықтималдығы артады.

Өзін кінәлау мәселені ушықтырады

Мамандардың айтуынша, прокрастинацияға бейім адамдар өздерін тым қатал сынайды. Олар маңызды істі кейінге қалдырған сайын ұят сезімі күшейіп, ішкі сыншысы белсенді бола түседі.

Фуския Сируа мұндай өзін-өзі кінәлау жағымсыз эмоцияларды одан әрі күшейтіп, адамның іске кірісуге деген ынтасын төмендететінін айтады. Соның салдарынан адам прокрастинацияның тұйық шеңберіне түседі.

Қолдау күйзелісті азайтады

Ғалымның зерттеуі көрсеткендей, жақындарының немесе әріптестерінің қолдауы прокрастинацияны күшейтетін күйзелісті азайтады. Мұндай қолдау адамның жай ғана сөзін тыңдау немесе өз тәжірибесімен бөлісу түрінде де болуы мүмкін.

Сируа адамдарға прокрастинация үшін өздерін кінәламауға кеңес береді. Оның айтуынша, істі кейінге қалдыру – көптеген адамда кездесетін құбылыс. Ал өзіне мейірімді болу және қажет кезде көмек сұрау бұл әдеттен арылуға көмектеседі.

Мамандар егер прокрастинация күнделікті өмірге, жұмысқа және жеке қарым-қатынасқа елеулі кедергі келтірсе, психолог немесе психотерапевтке жүгінуге кеңес береді. Өйткені созылмалы прокрастинация кей жағдайда мазасыздық, депрессия немесе назар тапшылығы мен гиперактивтілік синдромының белгісі болуы мүмкін.

Тэгтер:

зерттеу психология жалқаулық ертең бастаймын