«Челси» клубының бұрынғы қорғаушысы Бранислав Иванович қазір лондондық клуб сапында жаттығып жүрген отандасымыз Дастан Сәтпаев туралы өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Scout in Eurasia парақшасы жазғандай, Бранислав Иванович Дастан Сәтпаевтың ойыншы ретінде өсуін «Челсидің» жүйесінде жалғастыруы керек деп есептейді. Сербиялық футболшының пікірінше, Сәтпаевтың Лондон клубының негізгі құрамынан тұрақты орын алуға барлық мүмкіндігі бар.
«Сәтпаевқа қараған сайын көптеген жас шабуылшыға қарағанда ойынды қазірдің өзінде жақсы түсінетін футболшыны көремін. Оны жалға жіберудің қажеті жоқ. Оған тек сенім, шыдам және ойын уақыты керек. Футболшылар дәл осылай "Челсиде" ұлы ойыншыға айналады.
Ол алаңда үнемі сенімді жүреді. Дұрыс шешім қабылдайды, допсыз да көп жұмыс істейді және шабуылдарды сәтті аяқтай біледі. Мұндай ойыншылар басқа командалардан өз орнын іздемей, ең мықты футболшылардың жанында өсіп-жетілуге тиіс», – деді Иванович.