Әлемдік экономикада жасанды интеллекттің рөлі күн санап артып келеді. Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай бұл нарық 2 триллион долларға жетіп, жаһандық экономикаға қосатын жиынтық тиімділігі 22 триллион доллардан асуы мүмкін. Технологиялық бәйгеде тек сырттай бақылаушы немесе дайын өнімді тұтынушы болып қалмай, Орталық Азиядағы цифрлық хабқа айналуды межелеген Қазақстан бұл бағытта батыл әрі жүйелі қадамдар жасап жатыр.
Жуырда ғана Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаһандық ЖИ реттеу жүйесіндегі орнықты ұстанымын айқындап берді.
Президент өз сөзінде жасанды интеллект инфрақұрылымына салынатын инвестиция жылына орта есеппен 47 пайызға өсіп отырғанын, ал 2033 жылға қарай бұл нарықтың көлемі 5 триллион долларға жететінін атап өтті. Осыған орай, ЖИ-ді басқару жүйесі кешенді сипатқа ие болуға тиіс. Ол жартылай өткізгіштер мен деректерді өңдеу орталықтарынан бастап, этика, білім беру және адамның қадір-қасиетін қорғауға дейінгі бүкіл бағытты қамтуы қажет.
Президенттің пайымдауынша, жасанды интеллект, ең бастысы, әділ әрі инклюзивті дамудың қозғаушы күші бола алады.
– Бірде-бір ел жасанды интеллектіні тұтынумен шектелмеуге тиіс. Адам капиталы мен цифрлық ин-фрақұрылымын дамытып, институционалдық әлеуетін көтеруге кез келген мемлекеттің мүмкіндігі болуы керек. Бұл жерде әңгіме тағы да әділдік пен адалдыққа барып тіреледі. Жасанды интеллектіні экономика мен қоғам игілігіне пайдалану, сөйте тұра оны адамның саналы әрі қабілетті басқаруында қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан Қазақстан Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылуын тарихи шешім деп санайды. Аталған ұйым ЖИ-ді басқаратын әмбебап құрылымның негізін қалайтынына сенімдіміз. Ол күллі адамзаттың өсіп-өркендеуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзара тиімді серіктестік тетігі болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жұртшылықтың ЖИ-ді түсініп, бағалау және реттеу бағытындағы ұжымдық қабілеті қалыптасып үлгергенше, оның мүмкіндіктері әлдеқайда озып кетуде деп санайды. Бұл орайда жасанды интеллектіні дамыту ісі өзара текетірес пен әскери бәсекеге емес, бейбітшілік пен тұрақты даму қағидаттарына негізделуі қажет.
IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты
Иә, еліміздің IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Үкімет осы қарқынды сақтап қалу үшін бар күш-жігерін салмақ. Себебі әлемдік экономикада IT-саласының маңызы арта түседі. Ал елде жасанды интеллект жаппай енгізеледі. Министрлер бұл бағыттағы жұмыстарын баяндап, алдағы жоспарларын да жеткізді. Белгілі болғандай, отандық IT-шешімдерге қолдау көрсетіліп, жаңа суперкомпьютерлер іске қосылады.
Елімізде Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы әзірленген. Құжат жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуді көздейді.
Бұл туралы жуырда Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеген еді.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша біз IT-қызметтер экспортын 1 миллиард доллардан астам деңгейге жеткіздік. Осы қарқынды сақтап қалу үшін бар күш-жігерді жұмылдыру қажет. IT-саласы ерекше қарқынмен дамып келеді, сондықтан жаһандық ауқымдағы цифрлық бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыла жұмыс істеу керек. Еліміздің кәсіпорындарында цифрлық технологияларды енгізу өнімнің сапасын, еңбек қауіпсіздігі мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде 72 сала мен қызмет бағытын қамтитын 20 карта бекітілді. Атап айтқанда, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да бағыттар. Әр карта: негізгі цифрлық сын-қатерлерді, AI-шешімдерді енгізу жоспарын, 2027 жылға дейінгі KPI және күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсерлерді қамтиды, – деді министр.
Жасанды интеллект элементтерін күнделікті өмірде де көріп жүрміз. Банк, кәсіпкерлік, білім салаларынан өзге, өндіріс пен ауыл шаруашылығына да жетті. Мәселен, медицинада инсульт дертін ерте анықтауға арналған Cerebra AI жасанды интеллекті тиімділігін көрсетті. Ол компьютерлік томография нәтижесін 30 минуттың орнына 5-10 минут ішінде талдай алады. Мұндай қондырғы елорданың 17 емханасынан өзге, 4 облыста бар. Жасанды интеллект құрылыста да белсенді енгізіліп жатыр.
Ал ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, жоспарлау және құрылыс кезеңінде цифрлық бас жоспарлар мен нақты жоспарлау жобаларының орындалуын бақылау үшін machine vision технологиясы мен жасанды интеллектіні біріктірген пилоттық жоба іске қосылған. Жүйе нысандардың нақты жағдайын бекітілген жобалық құжаттамамен салыстырады. Бұл жобаның сәйкестігін анықтау уақытын 3 күннен 4 сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар IT өнеркәсіп, геология, жол, теміржол құрылысы, тіпті, отын-энергетика кешенінде де көрініс табады. Тағы бір жақсы жаңалық, елімізде деректерді өңдейтін жаңа орталықтардың құрылысы басталған. Оның аясында биыл қараша айында Қосшы қаласында жаңа суперкомпьютерді іске қосу жоспарлануда. Қуаты былтыр Алматыда пайдалануға берілген, өнімділігі 1,5 петафлопс болатын қондырғадан үш есе жоғары болмақ. Сондай-ақ бұл бағыттағы аса маңызды жобаларды Екібастұз қаласында да іске асыру көзделген.
Қазір елде Alem.Cloud және AL Farabium атты өңірдегі ең ірі суперкомпьютер кластерлері бар. Оның қызметіне мемлекеттік органдар мен бизнес ортаның сұранысы жоғары. Сондықтан Үкімет басшысы оның есептеу қуатын кеңейту және бұл салаға инвесторлар тарту қажеттігін атап өтті. Үкімет бұл салада қол жеткен жетістіктерді сақтауға мүдделі. Себебі 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын үлесі 22 триллион доллардан асады деген болжам бар. Салаға қажетті мамандар да өзімізде дайындалатын болады.
Цифрлық кодекстің қандай игілігі бар?
Биыл 12 шілдеде елімізде Цифрлық кодекс ресми түрде күшіне енді. Бұл құжат елдегі жекелеген цифрлық шешімдерден кешенді мемлекеттік трансфор-мацияға көшудің құқықтық негізін қалады. Бұған қоса, 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияла-нуы мен «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық стратегиясының қабылда-нуы нормативтік реформаларға серпін берді.
Цифрлық кодекс заңнамалық деңгейде алғаш рет адамның цифрлық құқықтарын бекітіп отыр. Енді азаматтар өздерінің дербес деректерін басқаруға, соның ішінде оларды жоюды, жасырын түрлендіруді (анонимизация) немесе өңдеуді шектеуді талап етуге толық құқылы. Ең басты жаңалықтың бірі – автоматтандырылған жүйелер мен ЖИ алгоритмдері қабылдаған шешімдерді азаматтардың қайта қарауды талап ету құқығының бекітілуі. Бұл цифрлық технологиялардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, биометриялық мәліметтерді пайдалану қатаң регламенттеліп, дата-платформаларға киберқауіпсіздік пен деректердің сыртқа кетуіне жол бермеу бойынша қатаң міндеттемелер жүктелді. Ал мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор басшылары үшін жыл сайынғы цифрлық трансформация көрсеткіштері негізгі тиімділік бағасына (KPI) айналды.
Маңызды жаңалықтың бірі – цифрлық деректер өнімдерін алмасу мен айналымы платформасын енгізу. Бұл платформа – цифрлық өнімдерді пайдалану шарттары нақты белгіленген, ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін цифрлық алаң. Бұл ретте мұндай платформалардың меншік иелеріне киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қатаң міндеттемелер жүктеледі: олар рұқсатсыз кіру, деректерді сыртқа тасымалдау және егер ҚР заңнамасымен шектелген болса, трансшекаралық дерек алмасуды болдырмауға міндетті. Осылайша, мұндай платформаларды құру елдегі цифрлық деректердің заңды, қауіпсіз және ашық айналымын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа нормаларға сәйкес, цифрлық трансформация мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор үшін міндетті процеске айналады. Жыл сайынғы трансформация бағдарламалары енді басшылар үшін негізгі тиімділік көрсеткішіне (KPI) айналады. Кодекс, сондай-ақ киберқауіпсіздіктің күшейтілген стандарттарын белгілейді және мүгедектігі бар адамдар үшін цифрлық сервистердің қолжетімділігіне кепілдік береді.
eGov-тан AI-native nation деңгейіне көшу
Елімізде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы цифрлық форматқа көшіріліп, eGov Mobile және екінші деңгейлі банктердің сервистеріне біріктірілген. Иә, азаматтарға қызмет көрсетуге арналған eGov порталының игілігін барша жұрт көріп отыр. Мұның бір дәлелі Біріккен Ұлттар Ұйымының Электрондық үкіметті дамыту индексінде (EGDI) Қазақстан бұрынғы көрсеткіштерін жақсартып, әлемдегі ең озық 25 елдің қатарына (24-орын) енді. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 92 пайыздан астамы цифрлық форматқа көшірілген.
Жуырда Женевада өткен «Цифрлық апталық» аясында Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанның бұрынғы электрондық үкімет моделінен ЖИ технологияларымен терең интеграцияланған AI-native nation (жасанды интеллектіні ұлттық діңгек еткен ел) мәртебесіне көшіп жатқанын жеткізген еді.
Бұрын азаматтар мемлекеттік қызмет алу үшін өзі өтініш беріп, бюрократиялық кезеңдерден өтуге мәжбүр болса, жаңа ЖИ моделі проактивті, толық автоматтандырылған форматта жұмыс істейді. Машиналық оқыту (Machine Learning) мен Отбасының цифрлық картасы арқылы жүйе мұқтаж азаматтарды өздігінен анықтап, анықтамасыз-ақ тиісті әлеуметтік көмекті бірнеше минутта тағайындайды.
Бұл бағыттағы нақты жобалардың бірі ретінде Астанада Apple Store қағидатымен ашылған Smart Point жаңа буындағы цифрлық кеңсесін айтуға болады. Мұнда тұрғындарға диалог форматында жұмыс істейтін eGovGPT көпагентті ЖИ платформасы мемлекеттік қызметтерді тауып, оны онлайн рәсімдеуге көмектеседі. Сондай-ақ құжаттандыру терминалы арқылы жеке куәлік немесе паспорт алуға өтініш беруге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, жаңа цифрлық кеңседе цифрлық сервистерді пайдалануды үйретуге арналған оқу сыныбы мен жайлы күту аймағы қарастырылған. Smart Point-тің басты ерекшеліктерінің бірі – тәулік бойы жұмыс істейтін құжаттарды беру аймағы.
Бұл туралы Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев: «Smart Point – халыққа қызмет көрсетудің заманауи форматтарын дамытуға бағытталған жүйелі жұмысымыздың бір бөлігі. Біздің мақсатымыз – цифрлық технологияларды мемлекеттік қызметтерді алудың табиғи әрі қолайлы тетігіне айналдыру. Сондықтан біз азаматтардың жайлылығы, қолжетімділік және олардың қажеттіліктері басты назарда болатын осындай кеңістіктерді дамытуды жалғастырамыз», – деп ақпарат беріп өтті.
ЖИ-ға арналған ірі жоба
Елімізде жасанды интеллектке арналған ірі жоба іске аспақ. Деректерді өңдеу орталығы жобасына 10 млрд доллар инвестиция тартылып, соңғы буындағы 100 мың GPU чип негізінде ауқымды есептеу кластері құрылады. Firebird компаниясының бас директоры Размик Овакимян бұл бастама Қазақстанды әлемдегі жетекші он цифрлық мемлекеттің қатарына қосатынын айтты. Ал NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредянның пікірінше, елімізде ақылды зейінді дамыту үшін энергия қоры жеткілікті. Сондықтан мүмкіндік көп. Премьер-Министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Жаслан Мәдиев жоба жүзеге асқан жағдайда экспорттан 3 миллиард доллар пайда түседі деп отыр. Әрі жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанның Еуразиядағы маңызды цифрлық хаб ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік беретінін айтады.
– Бірлескен жобаларды іске асыру еліміздің есептеу әлеуетін нығайтуға, экономиканың түрлі салаларына ЖИ енгізуді жеделдетуге, сондай-ақ отандық әзірлеушілер үшін ғылыми зерттеулер мен технологиялық стартаптар жасауына жаңа мүмкіндік береді, – дейді министр.
Басты мақсат – Қазақстанда Еуразиядағы ең ірі цифрлық кластерлердің бірін қалыптастыру. Инвестиция тартуға, инженер мамандарды даярлауға, стартаптарды қолдауға және жаңа цифрлық сервистерді дамытуға да жол ашады. Сонымен жалпы құны 10 млрд доллар болатын ынтымақтастық келісімдеріне қол қойылды. Құжаттар жасанды интеллект экожүйесін дамытуға және «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыруға бағытталған.
Түйін:
Қазақстан жасанды интеллектті қолдану деңгейі бойынша әлемнің ТОП-30 елі қатарына енді. Бұл туралы OpenAI делегациясының елімізге сапары барысында белгілі болды. Сарапшылардың мәліметінше, қазақстандықтар жасанды интеллект құралдарын көбіне кеңес алу, мәтін жазу және ақпарат іздеу үшін қолданады. Пайдаланушылардың басым бөлігі 18 бен 34 жас аралығындағы жастар.
Иә, еліміз цифрлық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Жасанды интеллектті мемлекеттік басқаруға, медицинаға, өнеркәсіп пен білімге кеңінен енгізу – елдің ұлттық бәсекеге қабілеттілігін арттыратын басты фактор.
Наурызбек САРША