Шәміл шыңы

Бүгін, 15:00 / Ербұлан Қайрат

Қазақтың күйшілік-домбырашылық өнері – ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ұлттық рухтың, тарихи жадының және рухани болмыстың көрінісі. Ұлан-ғайыр қазақ даласында сан ғасырлар бойы өзіндік орындаушылық ерекшеліктерімен дараланған күйшілік-домбырашылық дәстүрлер мен аймақтық мектептер қалыптасты. Солардың ішінде Батыс Қазақстан өңірінде, Бөкей ордасында қалыптасқан күйшілік дәстүрі қазақтың дәстүрлі аспаптық музыка мәдениетіндегі көркемдік деңгейі аса биік, орындаушылық мәдениеті кемелденген ең ірі мектептердің бірі. Осы өлкеде қазақ күй өнерінің бір-бірін толықтыратын екі ұлы арнасы қатар дамыды. 

Оның бірі – Құрманғазы қалыптастырған қуат­ты серпінге, динамикаға, эпикалық кең тыныс пен жігерлі орындаушылыққа не­гіз­делген күйшілік дәстүр болса, екіншісі – Дәу­леткерей негізін қалаған сыршыл, фи­ло­со­фия­лық тереңдігімен, нәзік эстетикалық тал­ғамымен ерекшеленетін төре күйшілік мек­тебі. Осы екі орындаушылық мектептің ерек­шеліктерін терең меңгеріп, оларды өз шы­ғармашылық болмысында табиғи үйлес­тіре білген көрнекті күйшілердің бірі – Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, күй­ші-композитор Шәміл Әбілтай. Оның орын­даушылық өнерінің басты ерекшелігі – Құрманғазы мектебіне тән тегеурінді қа­ғыс, жігерлі екпін, кең тынысты драматизм мен қуатты динамиканы Дәулеткерей дәс­түрі­не тән байыпты ой, сыршыл лиризм жә­не философиялық тереңдікпен табиғи ұш­­­­тастыра білуінде. 
Шәміл Бисенғалиұлы Әбілтай 1948 жы­лы 24 ақпанда Гурьев облысының (қазіргі Аты­рау облысы) Дендер ауданына қарасты Қа­рақызыл қыстағында дүниеге келген. Әке­сі Бейсенғали Әбілтайұлы Екінші дү­ние­жүзі­лік соғысқа қатысып, ауыр жарақаттан кейін 1943 жылы туған жеріне оралған. Ол ше­жі­рені жетік білетін, қисса-дастандар мен тер­ме-толғауларды ерекше нақышпен орын­дай­тын өнерпаз болған. Сонымен бірге ер-тұрман жасап, қамшы өріп, сақина соғатын, қо­лөнердің сан қырын меңгерген сегіз қыр­лы, бір сырлы шебер ретінде елге танылды. Ана­сы Әзірханым да өз заманының ісмер­лігімен аты шыққан қолөнер шебері бо­лып­ты. Оның әсем дауысы ауыл-аймаққа кеңінен таны­лып, той-думан мен басқосуларда жұ­байы Бейсенғалимен бірге халық әндерін орын­дап, көпшіліктің ықыласына бөленетін. Осын­дай өнер мен өнеге қатар өрілген отба­сында дүниеге келген Шәміл Әбілтайдың күй өнеріне деген қызығушылығы ерте оянды. Ол небәрі төрт жасынан бастап домбыраны қо­лына алып, тарта  бастайды. Бала Шәміл ауыл­дағы белгілі күйшілер Көшәлі, Қамеш, Сер­кебай сияқты дәулескер өнерпаздардың жа­нынан қалмай, олардың орындауындағы ха­лық күйлерін ынта-ықыласпен тыңдап өседі. Әсіресе, «Ақсақ құлан», «Баламайсаң», «Абыл» секілді көне күйлердің әуені оның жү­ре­гінде өшпестей із қалдырды. Күй тар­ты­лып отырған әрбір отырыс, әрбір басқосу жас талапкер үшін үлкен өнер мектебі бола­тын. Ол күйшілердің домбыра қағысын, ды­­быс бояуын, орындаушылық мәнерін зер­­десіне тоқып, естігенін ұмытпайтын зерек қабілетімен ерекшеленді. Ол ауылдағы бастауыш мектепте төрт сыныптық білім алғаннан кейін, 1959-1960 жылдары Маң­ғыс­тау өңіріндегі Форт-Шевченко қала­сын­дағы мектепте оқуын жалғастырды. Осы ке­зеңде ортаншы ағасы Бақытжан Бейсен­ға­лиевтің тәрбиесінде болып, білім алды. 
1962 жылы Шәміл Әбілтай Гурьев (қазіргі Атырау) музыка училищесінің домбыра бө­ліміне оқуға қабылданды. Училищеде ол бел­гілі дирижер, композитор әрі білікті пе­дагог Сейілхан Құсайыновтың класында бі­лім алып, кәсіби орындаушылық өнердің қыр-сырын меңгерді. Сол кезеңде Атырауға белгілі композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергенов арнайы сапармен ке­леді. Училище директоры Сейілхан Құсайы­нов жас күйші Шәмілді шақырып: 
– Шәміл, айналайын, елге сыйлы аға­ларың келіп қалыпты. Қастарында болып, күй тартып бер, – деп тапсырма береді. Сол бір сапарда Шәміл Әбілтай Дәулеткерейдің әй­гілі «Құдаша» күйін орындаған. Жас күй­ші­нің орындау шеберлігі Төлеген Айбер­ге­нов­ке ерекше әсер етіп, ақын осы күйді қай­та-қайта тыңдапты. Бір кеште Шәміл  «Құ­даша» күйі он жеті рет орындаған екен. 1966 жылы Шәміл Әбілтай Алматы мемле­кет­тік консерваториясының (қазіргі Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ва­то­­риясы) халық аспаптары факультетіне оқу­ға түсіп, белгілі домбырашы-педагог Құ­быш Мұхитовтың класында білім алды. Аби­туриенттермен танысу барысында оқу ор­­нының ректоры, көрнекті композитор Құд­­дыс Қожамияров халық аспаптары бө­ліміне бас сұғып, талапкерлердің бірі Шәміл Әбілтайдан қай өңірден келгенін сұрайды. Атыраудан келгенін естіген ректор: «Құр­ман­ғазы­ның елінен келген екенсің ғой, кәне, бір күй тартып жібер», – дейді. Сонда жас дом­быра­шы Құрманғазының «Төремұрат» күйін орын­дап береді. Күйді ықыласпен тыңдаған Құд­дыс Қожамияров: «Молодой человек, вы фе­номен музыки», – деп жоғары бағасын бе­­ріпті. Консерваториядағы оқу жылдары­ның ең маңызды оқиғаларының бірі – әйгілі күйші, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовпен кездесуі болды. Сол кездегі консерватория басшылығының бастама­сы­мен Қали Жантілеуов арнайы шақырылып, сту­денттерге Батыс Қазақстан күйшілік дәс­түрі бойынша дәрістер мен шеберлік са­бақтарын өткізеді. Шәміл талантты шәкірт ре­тінде Қали Жантілеуовтен Құрманғазы, Дәу­леткерей, Сейтек, Мәмен, Дина, Соқыр Ес­жан, Баламайсаң және басқа да Батыс Қа­зақстан күйшілік мектебі өкілдерінің шы­ғар­маларын меңгерді. Әсіресе, Дәулет­керей­дің «Жігер», халық күйі «Қарт Науайы», Бала­­­майсаңның «Дүниеғапыл» сияқты күр­делі шығармаларын Қали Жантілеуовтің өз орындаушылық нұсқасымен үйренуі оның кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтерді. Ұстазы шәкіртінің табиғи дарынына ерекше сенім артып, орындаушылық мектебін аманат етті. Оның орындауындағы Құрманғазы, Дәу­лет­керей, Сейтек, Дина, Мәмен және басқа да дәулескер күйшілердің шығармалары дәс­түр­лі орындаушылық үлгінің өміршеңдігін дә­лелдейтін көркем мұра болып саналады. Оның орындаушылық қолтаңбасында Құр­манғазы мектебіне тән тегеурінді төкпе қа­ғыс пен қуатты серпін Дәулеткерей дәс­түрі­не тән сыршылдық пен бекзаттық сипатпен табиғи үндесіп, өзіндік орындаушылық мәнер қалыптастырды. Шәміл Әбілтайдың орындаушылық шеберлігі 1974 жылы өткен халық аспаптарында орындаушылардың Бү­кілодақтық байқауында кеңінен танылды. Ре­сейдің Воронеж қаласында ұйымдас­ты­рыл­ған беделді өнер сайысында ол Құр­ман­ға­зының күрделі әрі орындаушылық ше­бер­лікті аса жоғары деңгейде талап ететін «Тө­­ремұрат» күйін орындады. Оның орын­дауы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, нәтижесінде Шәміл Әбілтай бай­қау­дың І дәрежелі лауреаты атанды. Шәміл Әбіл­тайдың күйшілік шеберлігі студенттік жыл­дарының өзінде-ақ өнер мен әдебиет қай­раткерлерінің назарын аударды. Дом­быра­дағы табиғи шеберлігі, күйдің маз­мұ­нын терең сезініп орындауы, зиялы қауымды там­сандырды. Жас күйшінің өнеріне ал­ғаш­қылардың бірі болып қазақ әдебиетінің клас­сигі Сәбит Мұқанов ерекше ықылас та­нытты. Ол Шәміл Әбілтайдың орын­дауын­да­ғы «Абыл» күйін тыңдап, орындаушылық ше­­берлігін аса жоғары бағалаған. Қазақ әде­­биетінің тағы бір алып тұлғасы Ғабит Мү­­сірепов те Шәміл Әбілтайдың өнеріне ерек­­ше қызығушылық танытқан. Ол жас күй­­шіні арнайы үйіне шақырып, бірнеше күй тыңдаған. Сол кездесуде Шәміл Әбілтай Дәулеткерейдің әйгілі «Жігер» күйін орын­да­ған. Күйдің философиялық тереңдігіне, орын­даушылық шеберлігіне және жас дом­быра­шының шығарманы жеткізу мәде­ние­тіне тән­ті болған Ғабит Мүсірепов бұл шы­ғар­маны қа­тарынан үш рет тыңдапты. Бұл оқиға жазу­шының күй өнеріне деген биік тал­ғамымен қатар, Шәміл Әбілтайдың орын­даушылық деңгейінің сол кездің өзінде-ақ клас­сиктердің ықыласына бөленгенін көр­сетеді.
1972 жылы Алматы мемлекеттік консер­ва­ториясын тәмамдағаннан кейін Шәміл Әбілтай еңбек жолын республиканың жетек­ші өнер ордаларының бірі – Жамбыл атын­дағы Қазақ мемлекеттік филармониясында бас­тады. 1972-1985 жылдар аралығында осы ұжым­да күйші-лектор қызметін атқарып, күй өнерін кеңінен насихаттауға белсене ат­салысты. Бұл кезең оның орындаушылық өне­рінің кемелденіп, республика көлемінде кеңінен танылған жылдары болды. Қазақ­станның барлық өңірлерін аралап, мыңдаған кө­рермен алдында өнер көрсетті. Оның кон­церттері қарапайым орындаушылық кеш қана емес, күйдің тарихын, шығу тегін, көр­кемдік табиғатын және орындаушылық ерек­шеліктерін терең түсіндіретін танымдық дәрістермен ұштасып отырды. Осы жылдары Шәміл Әбілтай республикадағы дәстүрлі күй өнерінің ең белсенді насихатшыларының біріне айналды. Шәміл Әбілтайдың орын­дау­шылық және шығармашылық қызметі халық арасында ғана емес, мемлекет тарапынан да жо­ғары бағаланды. Қазақтың дәстүрлі күй өне­рін дамытуға, оны кәсіби деңгейде на­си­хаттауға және ұлттық музыкалық мұраны сақ­тауға қосқан елеулі үлесі үшін 1980 жылы оған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. Бұл марапат жас өнерпаздың жеке жетістігінің ғана емес, қазақтың дәстүрлі күй­шілік өнерінің қоғамдық маңызын ай­қын­даған айтулы оқиғалардың бірі болды. Ол кезеңде бұл сыйлық ғылым, әдебиет, өнер және мәдениет салаларындағы дарынды жас­тарға берілетін ең беделді мемлекеттік мара­паттардың бірі еді.
1985 жылы Шәміл Әбілтай шығарма­шы­лық қызметінің жаңа кезеңіне қадам басып, Қа­зақ радиосының музыка редакциясына бас редактор болып тағайындалды. 1985-1988 жыл­дар аралығында атқарған бұл жауап­ты қызметінде ол ұлттық музыка мұрасын жинақтау, жүйелеу және көпшілікке кеңінен насихаттау бағытында жемісті ең­бек етті. Қазақ радиосындағы қызметі ба­ры­сында Шәміл Әбілтай халық компо­зи­тор­лары­ның күйлері мен дәстүрлі әншілік өне­рінің үздік үлгілерін радионың алтын қо­рына жаздыруға ерекше көңіл бөлді. Оның бастамасымен көптеген белгілі күйші мен әншінің орындауындағы шығармалар са­па­лы түрде таспаға түсіріліп, ұлттық мә­де­ниеттің баға жетпес аудио мұрасы ретінде сақ­талды. Бұл – жұмыстар кейінгі зерт­теу­ші­лер мен орындаушылар үшін құнды де­реккөз. Бас редактор ретінде ол эфир сая­са­тына ұлттық өнердің мүддесін арқау етіп, дәстүрлі музыкаға арналған хабарлардың маз­мұнын байытуға күш салды. Радио ар­қылы халық композиторларының шы­ғар­ма­ларын, сирек орындалатын күйлер мен ха­лық әндерін, сондай-ақ жас таланттардың өне­рін кеңінен насихаттады. Сонымен бірге Шә­міл Әбілтай көптеген өнерпаздың шы­ғар­машылық әлеуетінің кеңінен танылуына ық­пал етті. Ол дәстүрлі орындаушылық өнер­­дің көрнекті өкілдерін радиоға тартып, олардың орындауындағы шығармаларды халық игілігіне айналдыруға үлкен еңбек сіңірді. 
Шәміл Әбілтай қазақ музыка мәдение­тін­де күйші, орындаушы және композитор ре­тінде ғана емес, ән жанрында да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған дарынды саз­гер. Оның әндері ұлттық әуездің табиғи бол­­­мысын сақтай отырып, кең тынысты әуен­­мен, терең лиризммен және сөз бен саздың табиғи тұтастығымен ерекшеленеді. Әсіресе, оның көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовпен шығармашылық ынтымақтастығы қазақ ән өнеріне бірқатар шоқтығы биік туындылар сый­лады. Ақынның терең мазмұнды поэ­зия­сы мен композитордың сыршыл әуені өзара жарасымды үндесіп, халық жүрегінен орын алған әндердің дүниеге келуіне негіз болды. Олардың шығармашылық одағы нәти­же­сін­де «Бір ауыз сөз», «Өрікгүл», «Аңсау», «Күй ата», «Жер ұраны – Ұлытау», «Пайғамбар бер­ген аманат» сияқты көптеген көркемдік дең­гейі жоғары ән дүниеге келді. Бұл шы­ғар­маларда туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлт­тық рух, адамгершілік құндылықтар, та­ри­хи жады мен елдік мұраттар терең кө­рініс тапқан. Әндердің әуездік құрылысы ха­лықтық дәстүрге жақын болғанымен, ком­позитордың өзіндік интонациялық өр­негі мен музыкалық тілі айқын сезіледі. Шә­міл Әбілтайдың әндері табиғи әуез­ді­лігі­мен, кең тынысты сазымен және орындауға ыңғайлы құрылымымен ерекшеленеді. Олар кәсіби әншілердің репертуарына еніп, ел арасына кеңінен тарады. Композитор әрбір әнін­де сөз бен саздың табиғи тұтастығын сақ­тап, поэзияның мазмұнын музыка ар­қы­лы тереңдете жеткізе білді.
Шәміл Әбілтай шығармашылықта да же­місті еңбек етіп, қазақ күй өнерінің қорын жаңа туындылармен үздіксіз толықтырып келеді. Оның «Ұлытау – Жошы хан», «Пір Бе­кет», «Айжарық «Матай», «Қубас ат», «Ыр­ғыз­бай әулие», «Қазақ күресі» және басқа да күй­лері тақырыптық ауқымының кеңдігімен, ойы­ның тереңдігімен әрі көркемдік ше­шімдерінің сонылығымен тартымды. Бұл шы­ғармалар қазақтың дәстүрлі күй қорын жаңа мазмұнмен байытып, қазіргі күй өне­рінің көркемдік көкжиегін кеңейткен құнды туындылар ретінде бағаланады.
Шәміл Әбілтай шығармашылығының ең ірі жетістіктерінің бірі – қазақтың дәстүрлі күй өнерінде бұрын-соңды болмаған «Тұран – Алтын Орда – Қазағым» атты күй трило­гия­сын дүниеге әкелуі. Бұл шығарма ұлттық аспаптық музыка тарихындағы көркемдік құбылыс десек, қателеспейміз. Өйткені қазақ күйшілік дәстүрінде тарихи уақыт пен ұлт­тық сананы, түркі өркениетінің даму жолын тұтас бір композициялық циклге біріктірген мұндай көлемді туынды бұрын кездеспеген. Трилогия «Тұран», «Алтын Орда», «Қазағым» ат­ты өзара идеялық әрі музыкалық тұрғыдан сабақтас үш күйден тұрады. Бұл шығармалар жеке-жеке орындалғанымен, мазмұны мен көркемдік тұтастығы жағынан бір-бірін толықтырып, түркі әлемінің көне дәуірінен бастап Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі тарихи кезеңдерді күй тілі арқылы баяндайтын біртұтас музыкалық эпопеяны құрайды.
Трилогияның алғашқы бөлімі – «Тұран». Бұл шығарма ежелгі түркі дүниесінің ұлы­лы­ғын, көшпелі өркениеттің қуатын, азат­тық рухын және Ұлы даланың мәңгілік бол­мысын бейнелейді. Композитор шығар­ма­ның идеялық негізіне ұлт руханиятының ұлы тұлғасы Мағжан Жұмабаевтың:
Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе,
Түрікке адамзатта ел жеткен бе.
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткен бе? – де­ген жалынды жыр жолдарын арқау еткен. Осы поэтикалық идея күйдің музыкалық дра­матургиясында терең көрініс тауып, тың­даушыны ежелгі түркі әлемінің рухани кеңіс­тігіне жетелейді. Шығарманың әуендік тілі философиялық толғанысқа құрылып, кең тынысты музыкалық өріспен ерек­ше­ле­неді. Домбыра үнінен көшпенділер өрке­ние­тінің айбыны, еркіндік рухы мен тарихи жад­тың жаңғырығы сезіледі.
Трилогияның екінші бөлімі – «Алтын Орда» күйі. Бұл шығарма Ұлы Даланың ең қуат­ты мемлекеттерінің бірі болған Алтын Ор­даның тарихи дәуіріне арналған. Ком­по­зи­тор мемлекеттің өрлеуі мен қуатын, та­рихи тағдырын, елдік мұратын және оның кейінгі қазақ мемлекеттілігінің қалып­тасуы­на ықпалын күй тілімен көркем бейнелейді. Бұл шығарманы жазуда Шәміл Әбілтайға көр­некті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көш­пенділер» тарихи трилогиясы ерекше шы­ғармашылық серпін берген. Күйдің әуез­дік тілінің жігерлі, қаһармандық сипатымен бі­тімі бөлек. Ондағы кең тынысты тақырып­тар мен қуатты ырғақтық қозғалыс тарихи дәуір­дің айбатын әсерлі жеткізеді.
Трилогияның қорытынды бөлімі – «Қа­зағым» күйі. Бұл шығарма қазақ халқының ғасыр­лар бойғы азаттық арманын жүзеге асыр­ған Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуі­рі­не арналған. Композитор мұнда халықтың рухани жаңғыруын, ұлттық бірлігін, ел тәуел­сіздігінің қуанышын және болашаққа деген нық сенімін музыкалық тілмен бей­не­лейді. Күйдің әуендік табиғатынан шаттық пен жасампаздық, еркіндік пен үміт айқын се­зіледі. Кең тынысты әуез, жарқын инто­на­ция­лар мен серпінді даму тәуелсіз елдің ру­хын көркем түрде танытады.
«Тұран – Алтын Орда – Қазағым» трило­гия­сы тарихи оқиғаларды қарапайым сурет­теу емес, қазақ халқының тарихи жадын, ұлт­тық дүниетанымын және мемлекеттілік идеясының эволюциясын күй тілі арқылы философиялық деңгейде пайымдаған көр­кем шығармалар желісі. 
Бұл туынды арқылы Шәміл Әбілтай қа­зақ күй өнерінің тақырыптық көкжиегін кеңей­тіп қана қойған жоқ, дәстүрлі күйдің та­рихи-философиялық ойды жеткізе алатын аса қуатты көркемдік құрал екенін де дә­лел­де­ді. Сондықтан «Тұран – Алтын Орда – Қазағым» трилогиясы қазақтың дәстүрлі күй мәдениетіндегі жаңашыл құбылыс, ұлттық аспаптық музыканың көркемдік мүмкін­дік­терін жаңа белеске көтерген айтулы шы­ғар­ма.
Композитордың бұл еңбегі оның шығар­ма­шылық ізденісінің кемел шағын, ұлттық тарих пен руханиятты терең пайымдайтын суреткерлік болмысын айқын танытады. Бү­гінде аталған трилогия Шәміл Әбілтай шы­ғармашылығының ғана емес, тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ күй өнерінің ең көрнекті жетістіктерінің бірі ретінде ұлттық музыка мә­дениетінің алтын қорынан лайықты орын алып отыр.

Мұрат ӘБУҒАЗЫ, 
Темірбек Жүргенов атындағы 
Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, күйші

Тэгтер:

Шәміл