Республикалық маңызы бар Қостанай-Қарабұтақ автомобиль жолының 185-шақырымы мен 234-шақырымының арасы жөнделе бастады. Қазір көлік жүргізушілері жиі сынайтын учаскеде құрылыс қызып жатыр. Ал мердігер ұйым жол құрылысын межелі мерзімде аяқтау үшін күндіз-түні жұмыс істеуге дайын.
Қостанай мен Қарабұтақтың арасындағы жолдың шамамен бес шақырымына ірі түйіршікті асфальт-бетон жабынының үстіңгі қабаты төселді. Мамандар жол жамылғысының қалыңдығын 12 сантиметрге жеткізуді жоспарлап отыр. Жалпы, ұзындығы 49 шақырым болатын учаскеде ескі жол төсемі толық жаңартылып, жаңа асфальт жабындысы салынады.
Қостанай-Қарабұтақ жолы Ақтөбе облысы мен көршілес өңірлерді байланыстыратын маңызды көлік дәлізінің бірі. Кейінгі жылдары тас жолдың әбден тозуы көлік жүргізушілерінің ғана емес, осы жолмен қатынайтын жолаушылардың да наразылығын туғызған еді.
Жол құрылысына «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тапсырыс берген. Ал құрылысты «Ассана Дорстрой» компаниясы салып жатыр. Мердігер ұйым құрылыс қарқынын арттыру үшін қосымша күш жұмылдырып, қажет болған жағдайда жұмысты үздіксіз жүргізуді жоспарлап отыр.
Қостанай мен Қарабұтақтың арасындағы жолдың бұл бөлігі Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының территориясында. Жөндеу жұмысының барысын шілденің 21-і күні Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев арнайы барып, құрылыс алаңында мердігер ұйым өкілдерімен кездесті. Әкім ең алдымен жұмыстың сапалы әрі жоспарлы уақытта аяқталуы қажеттігін айтты.
– Жол құрылысына қажет материалдар толық жеткізілген. Егер ауа-райы кедергі келтірмесе, мердігер компания жұмысты жоспарланған уақытта аяқтауы тиіс, – дейді Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев.
– ГАЗель маркалы жеке көлігім бар. Ақтөбе мен Астананың ортасына жүк тасып жүргеніме бес жылға жуықтады. Қарабұтақтан шығып, көршілес Қостанай облысының шекарасына жеткенше діңкем құриды. Небәрі 50 шақырымдай жолды кемінде 2,5-3 сағат жүресің. Негізі, жарты сағаттық жол ғой. Жол жөнделеді деген хабарды естігенде қатты қуандым, – дейді жеке кәсіпкер Нұрғали Иманәлиев.
Жол шілде айында жөнделе бастаған. Жоспар бойынша құрылыс қазан айында толық аяқталып, күзде пайдалануға беріледі.
Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе