Энергетика инфрақұрылымын ЖИ анықтамақ

Бүгін, 14:30 / Ербұлан Қайрат

Цифрландыру жылы аясында Қазақстанның энергетика саласында заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасуда. Энергетика министрлігі энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін, өндірістік процестердің тиімділігін және персоналдың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған цифрлық трансформацияға ерекше назар аударады. Осы бағыттардың бірі – «Самұрық Энерго» АҚ іске асырып жатқан энергетикалық инфрақұрылымды мониторингтеуге арналған жасанды интеллект технологиялары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану.

Жаңа цифрлық шешімдер электр беру желілерін, трансфор­маторларды, түтін мұржаларын, көмір қоймаларын және гид­ро­техникалық құрылыстарды тек­серуді автоматтандыруға мүм­кін­дік береді. Жасанды интел­лект деректерді автоматты түрде талдап, ақауларды ерте кезеңде анықтап, оларды жою бойынша ұсынымдар қалыптастырады.
Атап айтқанда, электр беру же­лілері мен энергетикалық жаб­дықтарды ұшқышсыз ұшу ап­параттарының көмегімен тек­серу жүргізу уақытын 5-10 есеге дейін қысқартуға мүмкіндік бе­реді. Ал түтін мұржаларын тек­серу бұрын бірнеше күнді қажет етсе, енді шамамен екі сағаттың ішінде жүзеге асырылады. Бұл ретте қызметкерлердің биіктікте жұмыс істеу қажеттілігі толық­тай жойылады.
Сонымен қатар аэро­мони­торинг технологиялары көмір қор­ларын бақылау үшін де қол­данылады. Аэрофототүсірілім негізінде қоймалардың үш өл­шем­ді модельдері жасалып, жа­санды интеллект көмір көле­мін автоматты түрде 99%-ға дейін­гі дәлдікпен есептейді. Де­ректерді өңдеу уақыты бірнеше күннен 20 минутқа дейін қыс­қарды.
Цифрлық құралдар гид­ро­техникалық құрылыстарды мониторингтеу кезінде де пай­даланылады. Аэрофототүсірілім және тепловизиялық бақылау деректерін талдау бөгеттердің тұ­тастығындағы кедергілерді уа­қы­тылы анықтауға және тех­но­логиялық тәуекелдердің ал­дын алу бойынша жедел іс-шара­лар қабылдауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект пен цифр­лық мониторинг техно­ло­гияларын енгізу энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін, өндірістік процестердің тиімді­лі­гін және өнеркәсіптік қауіпсіз­дік деңгейін арттыруға ықпал ете­ді. 

Наурызбек САРША

Тэгтер:

энергетика Инфрақұрылым