Қазақстандық полицей джиу-джитсудан Азия чемпионы атанды

Бүгін, 10:58 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Маңғыстау облысы полиция департаментінің инспекторы Нұрбек Закарин джиу-джитсудан Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Джиу-джитсудан өткен Азия чемпионатында Contact дисциплинасы бойынша 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен полиция қызметкері жоғары дайындық деңгейін танытып, барлық белдесуін сенімді өткізіп, алтын медаль жеңіп алды. Осылайша ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жеңіс тұғырының ең биік сатысында желбіретті.

Құрлықтық біріншіліктегі бұл жеңіс – спортшының көп жылғы қажырлы еңбегі, үздіксіз жаттығуы мен жоғары жауапкершілігінің заңды жемісі.

Нұрбек Закарин – джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы, Қазақстан Республикасының джиу-джитсудан спорт шебері және қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері. Сонымен қатар оның спорттық қоржынында Қазақстан Республикасы ҰҚК кубогының, ішкі істер министрлігі кубогының және төтенше жағдайлар министрлігі кубогының жеңімпазы атақтары, сондай-ақ армиялық қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатының күміс және қола жүлделері бар.

Б.Бейсенов атындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды академиясының түлегі бүгінде ішкі істер органдарындағы қызметін кәсіби спортпен сәтті ұштастырып келеді. Ол тәртіп, табандылық пен өз ісіне деген адалдықтың арқасында қызметте де, халықаралық спорт аренасында да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болатынын дәлелдеп жүр.

Тэгтер:

полицей Азия чемпионы