Тараздық дәстүрлі әнші Бақыт Шағырбаев алты сағат бойы үзіліссіз 114 ән орындап, жаңа әлемдік рекорд орнатты. Өнерпаз барлық шығарманы баянмен өзі сүйемелдеген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әншінің рекордтық концертіне туған-туыстары, әріптестері және дәстүрлі өнерді бағалайтын көрермендер жиналды. Бақыт Шағырбаев бұл кешке бір жыл бойы дайындалғанын айтты.
Өнер иесінің айтуынша, ол сахнаға тек рекорд орнату үшін шықпаған. Негізгі мақсаты – қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде насихаттау.
"Бағдарламаға халық әндерімен қатар Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ілия Жақановтың шығармалары және қырғыз әндері енгізілді", – деді әнші.
Бақыт Шағырбаев бір концерттің ішінде 114 шығарманы толық орындады. Репертуарда қазақ композиторларының туындыларымен бірге онға жуық қырғыз халық әні де болған.
Бұған дейін осы санаттағы рекордтық көрсеткіш 101 ән болған. Бақыт Шағырбаевтың нәтижесін Global Best of Records халықаралық ұйымының өкілдері ресми түрде тіркегені хабарланды.
Ұйымның Азия және Африка дивизионының рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайбергенов бұл сынақты ең күрделі рекордтардың бірі деп атады.
Ереже бойынша орындаушы ән айтып қана қоймай, музыкалық аспапта өзін өзі сүйемелдеуге тиіс. Ән мәтінін пайдалануға және фонограмма қосуға рұқсат етілмейді. Әр шығарма толық орындалуы керек. Орындаушы сөзінен жаңылса, әнді бір рет қана қайта бастай алады.
Бақыт Шағырбаев дәстүрлі ән өнерімен 35 жылдан бері айналысып келеді. Қазір оның репертуарында 400-ге жуық ән бар.
Өнерпаз шалғай елді мекендерді аралап, тұрғындарға тегін концерт беруді дәстүрге айналдырған. Осы уақытқа дейін ол 245 ауылда өнер көрсетіп, халықты қазақтың дәстүрлі ән мәдениетімен таныстырған.
"Көрерменнің ыстық ықыласын сезінгенде, бір жарым сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай қаламын. Кейін келесі ауылға жол тартамын. Кейде бір күнде үш ауылда концерт беруге тура келеді. Бұл жұмысымды алдағы уақытта да жалғастырамын", – деді әнші.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл тіркелген рекордтар халықаралық жинаққа енгізіледі. Басылым жеті тілге аударылып, әлемнің 200-ге жуық еліне және ұлттық кітапханаларға таратылмақ.