"Тобыл" биылғы еурокубок маусымындағы алғашқы ойынын өткізді

23 шілде, 2026 / Жамбыл Жайлау
"Тобыл" футбол клубының баспасөз қызметі

Қазақстандық "Тобыл" клубы УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчта Литваның "Паневежис" командасымен тең түсті. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан Кубогының иегері ретінде халықаралық маусымды екінші іріктеу кезеңінен бастаған "Тобыл" алғашқы ойынын "Аукштайтия" стадионында өткізді.

Бірінші таймның соңына қарай алаң иелері алға шықты. 45-минутта сенегалдық қорғаушы Сейдина Кейта гол соғып, "Паневежиске" басымдық сыйлады.

"Тобыл" екінші таймның соңында есепті теңестірді. 84-минутта Асхат Тағыбергеннің әуелете берген добын черногориялық қорғаушы Неманья Цавнич қақпаға дәл бағыттады.

Екінші таймда Асхат Тағыберген есепті ертерек теңестіруге мүмкіндік алған. Алайда 60-минутта оның 11 метрлік айып добынан жасаған соққысын литвалық қақпашы Витаутас Черняускас қайтарды.

Ал "Тобылдың" негізгі қақпашысы Сұлтан Бусурманов бірінші таймда жарақат алды. 41-минутта оның орнына Даниил Устименко шықты.

Командалар арасындағы жауап матч 30 шілдеде Қостанайда өтеді. Екі кездесудің қорытындысы бойынша жеңіске жеткен клуб үшінші іріктеу кезеңінде Сербияның "Партизан" немесе Люксембургтің "УНА Штрассен" командасымен кездеседі. Жеңілген команда еурокубоктағы маусымын аяқтайды.

Тэгтер:

Футбол Тобыл