TikTok желісінде 2,3 миллионнан астам оқырманы бар танымал блогер әлеуметтік желіде жарияланған видеодан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Kozachkov offside Telegram арнасында Маңғыстау облысында жүрген қыздардың жол ережесін бұзған сәттерін өздері әлеуметтік желіге жариялағаны туралы жазба шыққан.
"Маңғыстау облысының жолдарында көлік айдап жүрген қыздарға құрмет білдіргім келеді. Олар өздерінің құқық бұзушылық жасаған видеоларын өздері жариялады. Яғни заң бұзушылыққа төзбеушілік танытып, азаматтық ұстанымдарын көрсетті", – делінген жазбада.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде жолаушыларды қауіпсіздік талаптарын бұза отырып тасымалдаған және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілердің видеолары анықталған.
"Жүргізушілердің жеке басы анықталды. Олар жолаушыларды тасымалдау кезінде жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтамағаны, қозғалысты бастар және маневр жасар алдында белгі бермегені, сондай-ақ өзге көліктердің қозғалысына кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар көліктерде болған жолаушылардың да жеке басы анықталған. Оларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қолданылмақ.