«Әділет» партиясының сайлауалды штабтары еліміздің барлық өңірінде ашылды

Бүгін, 19:29 / Алуа Арман
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Елде 23 шілдеден бастап Құрылтай сайлауы бойынша үгіт-насихат кезеңі ресми түрде басталды. Осыған орай «Әділет» партиясы да республикалық сайлауалды штабының жұмысын іске қосты. Сонымен қатар жиында партия төрағасы Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» деп аталатын Сайлауалды бағдарламасын жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Енді алдағы бір ай ішінде партия халыққа өз кандидаттарын таныстырып қана қоймай, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын сайлаушыларға түсіндіреді.

Республикалық штабтың ашылуы барысында партия төрағасы Айбек Дәдебай саяси науқанның маңызына тоқталып өтті. Сондай-ақ ол алдағы Құрылтай сайлауы елдегі конституциялық реформалардың заңды жалғасы екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалары елімізде түбегейлі, оң өзгерістерге жол ашып, Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдей түсті. Биылғы жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция саяси жүйеміздің жаңа архитектурасын қалыптастырып, мемлекеттілігімізді нығайта түсуге кепілдік болып отыр. Осы орайда, алдағы өтетін сайлау да  конституциялық өзгерістердің заңды жалғасы болмақ», – деді ол.

Оған қоса Айбек Дәдебай партияның «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламасы қоғамның сұраныстары негізінде әзірленгенін айтты. Құжатты дайындау кезінде тұрғындардың ұсыныстары QR-кодтар арқылы жиналып, сарапшылар қатысуымен стратегиялық сессиялар ұйымдастырылған. Сонымен қатар партия арнайы әлеуметтік зерттеулер мен сауалнамалар жүргізіп, елдегі негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелер сараланған.

Партияның бағдарламасы елдің ұзақ мерзімді дамуына арналған 10 басым бағытты қамтиды. Онда заң үстемдігін нығайту, өңірлік саясатты жаңғырту, әділ әрі бәсекелі экономиканы қалыптастыру, цифрлық мемлекетті дамыту, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, адам капиталын күшейту және азаматтық жауапкершілікті арттыру сияқты маңызды міндеттер белгіленген.

Енді Қазақстанда не өзгереді?

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында қазақстандықтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бірқатар нақты бастамалар ұсынылған.

Партияның сайлауалды бағдарламасында алдағы бес жылға арналған жеті стратегиялық басымдық айқындалған. Бұл бастамалар тұрғын үй, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, ауылды дамыту, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік, сондай-ақ цифрлық трансформация бағыттарын қамтиды.

Әр отбасы үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі мен жайлылығын арттыру. Партия тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа тетіктерді іске асыруды көздеп отыр.

Денсаулық сақтау жүйесін профилактика мен ерте диагностикаға бағыттау. Бұл азаматтардың денсаулығын сақтауға, өмір сүру сапасы мен ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Ресми жұмыспен қамтылған, қауіпсіз еңбек жағдайы мен әділ зейнетақы аударымдары қарастырылған сапалы жұмыс орындарын көбейту. Бұл қауіпсіз еңбек жағдайын, тұрақты жалақы мен толыққанды зейнетақы аударымдарын қамтамасыз етуге бағытталған.

Орта бизнестің үлесін арттырып, кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыру. Ол үшін әкімшілік кедергілер қысқартылып, бизнестің тұрақты дамуына жағдай жасалады.

Ауылдарды дамыту және ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Жеңілдетілген микронесие алу мүмкіндігі арттыруға, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың әл-ауқатын көтеруге басымдық беріледі.

Елдің азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздігін нығайту. Агроөнеркәсіп кешенінде терең өңдеу өндірістерін дамыту және экологиялық таза энергия көздерін енгізу негізгі бағыттардың бірі болады.

Жасанды интеллект технологияларын барлық салаға енгізіп, азаматтардың цифрлық дағдыларын дамыту. Мектеп оқушыларынан бастап ересектерге дейін жасанды интеллектімен жұмыс істеуді меңгеруге жағдай жасалады.

Осылайша, партия ұсынған басымдықтар жекелеген салаларды ғана емес, азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін тұрғын үй, жұмыс, денсаулық, табыс және цифрлық мүмкіндіктерді қамтитын кешенді өзгерістерге бағытталған.

Партия төрағасы сайлауалды науқан барысында қоғаммен тұрақты әрі ашық диалог орнату өте маңызды екенін айтты.

«Бүгін сайлауалды үгіт-насихат жұмысы басталады. Әрқайсымыз өңір-өңірге, шалғай ауылдарға дейін барып, партия бағдарламасын, мақсат-міндеттерімізді түсіндіреміз. Халықтың ұысыныс-пікірін, талап-тілегін тыңдаймыз. Ең бастысы, халық біздің не ұсынатынымызды, қандай жұмыс атқаратынымызды анық білуі тиіс. Азаматтармен ашық, шынайы диалог жүргізген жөн. Себебі, біз үшін әрбір отандасымыздың талап-тілегі, үні аса маңызды. Әр сайлаушының дауысы да аса маңызды», – деп нақталды Айбек Дәдебай.

Сайлауалды кезеңде республика бойынша «Әділет» партиясының 20 өңірлік және 226 аумақтық штабы жұмыс істейді. Үгіт-насихат жұмысына 30 мың сенімді өкіл қатысады. Ел көлемінде 21 мыңнан астам кездесу мен түрлі форматтағы іс-шара өткізу жоспарланған.

Жиын соңында Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының жұмысын ресми түрде ашық деп жариялады.

Сайлауалды бағдарламаның толық мәтінін "Әділет" партиясының сайтынан оқи аласыздар.

https://adilet-partiyasy.kz/kz/kurultai/program

Дайындаған:

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.

«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

Тэгтер:

сайлау науқан Құрылтай штаб Әділет партиясы