Respublica партиясы үгіт-насихат науқанын бастады

Бүгін, 19:13 / Інжу Әлихан
Respublica партиясының баспасөз қызметі

Respublica партиясы Құрылтай депутаттарын сайлау аясында республикалық сайлауалды штабын ресми түрде ашып, үгіт-насихат науқанына старт берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Салтанатты рәсімге партия басшылығы, депутаттыққа кандидаттар мен белсенділер қатысты. Іс-шараға онлайн форматта еліміздің барлық 20 өңірі қосылып, өңірлік штабтар бір мезгілде жұмысын бастады.

Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров штабтың ашылуын смарт-көзілдірік арқылы Instagram-да тікелей эфирде көрсетіп, іс-шараны қатысушының көзімен көрсетті. Оның айтуынша, Respublica сайлауалды науқанын ашық диалогқа және нақты ұсыныстарға негіздейді.

«Бізге жаңа партия құрып, жүйені өзгерту мүмкін емес дегенде, керісінше дәлелдедік. Үш жарым жыл ішінде 3 мыңға жуық түзету ұсынып, олардың жартысынан астамы заңға айналды. Вейптерге тыйым салу, банк заңнамасын жетілдіру, креативті индустрияны қолдау, азаматтардың түрлі санаттарының құқықтарын қорғау – осының бәрі сайлаушылар сенімінің нәтижесі. Бүгін біз тек Құрылтайдағы орын үшін емес, өзгеріске сенген әрбір адамның үмітін ақтау үшін күреске кірісіп отырмыз. Өзгеріс дәл осы жерде, дәл қазір басталады», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Рәсім барысында кандидаттарға куәліктер табысталды. Respublica партиясының сайлауалды тізіміне кәсіпкерлер, ғалымдар, спортшылар, мәдениет және қоғамдық сала өкілдері енген.

Штабтың ашылуынан кейін партияның үгіт-насихат науқаны елдің барлық өңірінде ресми түрде басталды.