Күн сайын бадам жеу есте сақтау қабілеті мен ойлау шапшаңдығын жақсартуы мүмкін

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат

Күн сайын бір порция бадам тұтыну қант диабетіне шалдығу қаупі жоғары адамдардың ми қызметін жақсартуы мүмкін. Мұндай қорытындыға ғалымдар жүргізген клиникалық зерттеу нәтижесінде келді. Зерттеу нәтижелері The Journal of Nutrition ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу барысында мамандар қандағы қант деңгейі қалыптыдан жоғары, бірақ әлі диабет диагнозы қойылмаған ересек адамдардың тамақтану рационына бадамды енгізген. Нәтижесінде күнделікті бадам жеген қатысушылардың ақпаратты өңдеу жылдамдығы мен жоспарлау, зейінді шоғырландыру және шешім қабылдау сияқты атқарушы когнитивтік функциялары жақсарғаны анықталды.

Ғалымдардың айтуынша, предиабет кезінде инсулинге сезімталдық төмендеп, бұл тек жүрек-қан тамырлары жүйесіне ғана емес, ми жұмысына да әсер етеді. Ми жасушалары тұрақты энергия көзі ретінде глюкозаға тәуелді болғандықтан, көмірсу алмасуының бұзылуы когнитивтік қабілеттердің әлсіреуіне әкелуі мүмкін.

Зерттеуді Үндістандағы Диабет қорының ғалымы Сима Гулати бастаған топ жүргізді. Зерттеуге предиабет белгілері бар орта жастағы үндістандықтар қатысты. Бұл елде предиабетке шалдыққан, бірақ ауруы анықталмаған адамдардың саны өте көп.

Зерттеушілер бадамды кездейсоқ таңдамаған. Оның құрамында Е дәрумені, қанықпаған май қышқылдары, тағамдық талшықтар мен полифенолдар көп. Бұл заттар қабынуды азайтып, қандағы қанттың күрт көтерілуінің алдын алуға және жүйке жасушаларын қорғауға ықпал етуі мүмкін.

Дегенмен ғалымдар бадамды емдік құрал ретінде емес, дұрыс тамақтанудың бір бөлігі ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті. Оның ми қызметіне ұзақ мерзімді әсерін нақтылау үшін қосымша зерттеулер жүргізу қажет.

Тэгтер:

есте сақтау қабілеті ойлау бадам ойлау шапшаңдығы