Жапонияда 2033 жылға қарай гені өзгертілген шошқаның бүйрегін адамға трансплантациялау бүйрек жеткіліксіздігін емдеудің стандартты тәсілдерінің біріне айналуы мүмкін. Бұл туралы PorMedTec стартапы мен Shonan Kamakura General Hospital ауруханасы мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жоба аясында зерттеушілер адам ағзасы мүшені қабылдамауы үшін ДНҚ-сына 69 генетикалық өзгеріс енгізілген арнайы шошқаларды өсіре бастады. Компания клиникалық сынақтарға рұқсат алу жөніндегі өтінімді келесі қаржы жылында тапсыруды жоспарлап отыр. Егер мақұлданса, алғашқы клиникалық сынақтар 2028 жылы басталады. Бұл Жапониядағы осындай алғашқы зерттеу болмақ.
Клиникалық сынақтар Канагава префектурасындағы Shonan Kamakura General Hospital және Саппородағы Хоккайдо университетінің ауруханасында жүргізіледі. Ал 2027 қаржы жылының соңына дейін ауруханалардың жанынан трансплантацияға арналған шошқа мүшелерін дайындайтын арнайы кешендер салынбақ.
PorMedTec компаниясы АҚШ-тың eGenesis биотехнологиялық компаниясы әзірлеген генетикалық өзгертілген жасушаларды пайдаланып, Жапонияда дәл сондай қасиеттері бар шошқаларды өсіреді. Генетикалық өзгерістер трансплантацияланған мүшенің адам ағзасында қабылданбау қаупін азайтуға бағытталған.
Компания 2030 жылға қарай шошқадан адамға бүйрек трансплантациясын регенеративті медицина өнімі ретінде шартты түрде мақұлдатуды, ал 2033 жылы оны клиникалық тәжірибеде кеңінен қолданылатын стандартты емдеу әдісіне айналдыруды көздеп отыр.
Мамандардың айтуынша, ксенотрансплантация деп аталатын бұл бағыт донорлық ағзалардың тапшылығы мәселесін шешуге көмектесуі мүмкін. Алайда әдістің қауіпсіздігі мен тиімділігі адамдарға жүргізілетін клиникалық сынақтар барысында ғана толық бағаланады.