16 мыңнан астам қазақстандық қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісім берген

Бүгін, 17:30 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қазақстанда 172 мыңнан астам азамат қайтыс болғаннан кейін ағза донорлығы мәселесіне қатысты өз ұстанымын ресми түрде білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры Айдар Ситқазинов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазақстандықтар соңғы уақытта қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығы мәселесіне қатысты өз таңдауын жиі тіркей бастады.

– Бүгінде әрбір азамат қайтыс болғаннан кейін ағза донорлығы мәселесіне қатысты өз ұстанымын өз бетінше анықтай алады – келісім беруіне де, бас тартуына да мүмкіндік бар. Ол үшін eGov.kz порталы арқылы өзінің ерік білдіруін тіркеу жеткілікті, – деді Айдар Ситқазинов.

Қазіргі уақытта жүйеде 172 283 шешім тіркелген. Оның ішінде 16 109 адам қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісім берген, ал 156 174 азамат донорлықтан бас тартқан.

– Ағза донорлығы мәселесі қоғамның сенімі мен хабардар болуын талап етеді. Сондықтан біз түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, бұқаралық ақпарат құралдарымен, қоғамдық ұйымдармен және діни бірлестіктермен өзара іс-қимылды күшейтіп келеміз, – деді орталық директоры.

Тэгтер:

денсаулық донор ағза