Өңірде қараусыз жайылған үй жануарларының жолға шығуы әлі де жол-көлік оқиғаларына себеп болып отыр. Жыл басынан бері облыс аумағында үй жануарларының қатысуымен 91 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 8 адам түрлі дене жарақатын алған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұндай оқиғалардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Нәтижесінде жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабының 1-бөлігіне сәйкес малын қараусыз жіберген 406 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар полицейлер шаруа қожалықтарының иелерімен және мал өсірушілермен кездесулер өткізіп, үй жануарларын қараусыз жіберудің салдары мен заң талаптарын түсіндіруде. Жол бойындағы қауіптің алдын алу үшін малдарға жарық шағылыстырғыш ленталар тағу акциялары ұйымдастырып, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың бойына, сондай-ақ мал жиі шығатын учаскелерге мал жануарларының макеттерін орнатқан.
Бұдан бөлек, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қараусыз малдың жол қозғалысына төндіретін қаупі және заңнамада көзделген жауапкершілік жөнінде тұрақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр.
Полиция мал иелерін үй жануарларын қараусыз жібермеуге, оларды арнайы қоршалған аумақта ұстауға және жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Өйткені бір сәттік немқұрайлылық адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.