Қостанайда ерлі-зайыптыны қағып кеткен жас жігіт бас бостандығынан айырылды

Бүгін, 16:53 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қайғылы оқиға 2025 жылдың қыркүйек айында кешкі уақытта болған. Hyundai Elantra көлігінің жүргізушісі жылдамдықты асырып, Қайырбеков көшесіндегі «Солнечный» дүкені маңындағы жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда жылдамдығын төмендетпей, ерлі-зайыптыны қағып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жол апатынан ерінің жамбас сүйегі сынып, жұбайы алған жарақаттарының салдарынан 42 күннен кейін ауруханада көз жұмған. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, әйелдің өліміне жол апаты кезінде алған жарақаттар мен кейін дамыған тромбоэмболия себеп болған.

Тергеу барысында қорғаушы тарап қосымша сараптама жүргізуді сұрап, әйелдің өліміне қатар жүрген ауруы – қант диабеті әсер етуі мүмкін екенін алға тартқан. Істі қарау кезінде марқұмның денесін эксгумациялау мәселесі де көтерілді, алайда оған туыстары қарсы болды. Нәтижесінде Қостанай қаласының №2 соты жол апатынан алған жарақаттар мен әйелдің өлімі арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар деген қорытындыға келді.

Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Сондай-ақ сотта оның жүргізуші куәлігін алғанына екі жыл ғана болғанына қарамастан, осы уақыт ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 10 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны айтылды. Сот оған прокуратура сұраған жазадан жеңілірек жаза тағайындады. Сот үкімімен айыпталушы екі жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ бес жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Тэгтер:

Жол апаты Сот ерлі-зайыпты Қостанай үкім