Құрылтай сайлауы – елдіктің сынағы

Бүгін, 15:42 / Алуа Арман

Осы жылдың қақ ортасында – 1 шілдеде елімізде жаңа конституциялық дәуір басталды. Отандық парламентаризмнің бір кезеңі тарихқа енді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір кезең қорытындыланғанын, мемлекеттігіміздің жаңа белеске аяқ басқанын айтты. Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Нағыз халық Конституциясы тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа бетін жарқын жазуға мүмкіндік береді.

Президент 23 тамызға белгілеген Құрылтай сайлауы елдігіміздің өресін, халқымыздың ірілігін, мемлекеттілігіміздің деңгейін танытатын бір көрсеткіш екендігі анық. Алдағы сайлауда белсенділік таныту, азаматтық ұстанымды айқындау, ұлт санасының биіктігін көрсету елдігіміздің үлкен бір сынағы екені естен екі елі шықпаса дейміз. Иә, Құрылтай сайлауы оған қатысатын саяси партиялардың ғана сынағы емес. Сайлау оған қатысатын сайлаушылардың да сынағы. Өйткені бұл сынақ арқылы ел азаматтарының өз елінің тағдырына қандайлық жауапкершілікпен қарайтыны көрінеді. Ел тағдырын айқындайтын мұндай аса ірі саяси шараға белсене қатысу – әр адамның азаматтық парызы.

Интернет заманында өткізілетін қай сайлауда да әлеуметтік желінің рөлі жоғары болады. Осыған орай қоғамда қазіргі уақыттың күрделі құбылыстарына салиқалы, сарабдал көзқарас қалыптасуы өте маңызды. Желіде көңіл толмаушылық ауаны басым келетіні белгілі. Адамның табиғаты сондай. Адам келісіп тұрса, үндемейді. Келіспей тұрған кезде сөйлейді, жазады, таратады. Сондықтан елімізде не бар, не жасалып жатыр, өзгелерге қарағанда біз қай жердеміз, дүн-дүние дүңкілдеп тұрған мынандай уақытта қазіргідей даму қарқынын қалайша сақтап отырмыз, жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі бүкілхалықтық референдумда танытылған аса жоғары белсенділіктің түп-тамыры неде деген мәселелер төңірегінде салмақты ойға дес беру керек.

Кісіліктің басты өлшемдерінің бірі – адам­ның әділдігі. Елдіктің басты өлшемдерінің бірі – қоғамның әділдігі. Халқымыз ақыл­дың азбайтынына, арамдықтың озбайтынына, әділдіктің тозбайтынына қай кезде де сенген. Бабаларымыз бізге халықтық құндылықтардың аса бір қасиеттісі ретінде әділеттілікті аманаттаған. Яғни, сайлауға таңдаулы деген тұлғаларын түсіріп жатқан жеті саяси партияның бағдарламаларын байыпты бағамдау, тізімдегі адамдарды ақыл таразысына салу, желі арқылы да жеткізілетін жарылқаушы уәделерге алданып қалмау, сөйтіп барып азаматтық әділ таңдау жасау қажет-ақ. Құрылтай сайлауы елдегі саяси мәдениеттің деңгейіне бір сынақ болмақ. Халқымыздың тарихи мүмкіндікті қапы жібермейтін тағы бір тұсы, міне, осы.

Қазақстан халқы елдіктің бұл сынағынан да сүрінбей өтетініне сенеміз.  

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Тэгтер:

сайлау Құрылтай Сауытбек Абдрахманов