Қостанайда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық сайыс өтті

Бүгін, 15:15 / Інжу Әлихан
Қостанай облысының әкімдігі

Бүгін «Ақ шаңырақ» демалыс аймағында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Таза ойындар» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының 100 сарбазы қатысып, бес командаға бөлініп, аумақты тазалау бойынша өзара сайысқа түсті.

Қатысушылар демалыс аймағына іргелес аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жиналған қоқысты сұрыптады. Экологиялық сайыс қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған команда жеңімпаз атанды. Нәтижелерді бағалау кезінде жиналған қалдықтардың көлемі мен оларды сұрыптау сапасы ескерілді. Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Акция қорытындысы бойынша қатысушылар шамамен жарты тонна тұрмыстық қалдық жинап, оларды сұрыптап, әрі қарай қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға жіберді.

Қостанай облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Абай Дүйсековтың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың экологиялық жауапкершілігін және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.

«Таза ойындар» – қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың қызықты, бірлікке үндейтін әрі нағыз командалық форматта жүзеге асатынын көрсететін мүмкіндік. Бүгін жастар тек аумақты тазалап қана қоймай, «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға өздерінің жеке үлесін қосты. Табиғатқа және туған өлкеге жанашырлық дәл осындай бастамалардан басталады, – деді Абай Дүйсеков.

«Таза ойындар» форматы пайдалы экологиялық бастаманы командалық сайыспен ұштастырып, жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға және қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін насихаттауға мүмкіндік берді.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.