Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов пен оның бапкеріне сыйақы берілді

Бүгін, 14:54 / Інжу Әлихан
Биатлоншылар Одағы

Қазақстан биатлоншылар одағының президенті Ермек Қизатовтың бастамасымен биатлоннан жазғы Азия чемпионаты аясында Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов пен оның жаттықтырушылар құрамына ақшалай сертификаттар табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Биатлоншылар Одағының баспасөз қызметінің мәліметінше, Италияда өткен Паралимпиада ойындарындағы тарихи жеңісі үшін Ербол Хамитовқа 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Спортшыны ұзақ жылдар бойы басты жарыстарға дайындаған жеке жаттықтырушысы Антон Жданович 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Дәл осындай 1 миллион теңге сертификаты Қазақстанның пара биатлон құрамасының бас жаттықтырушысы Василий Коломиецке де берілді. Ол команданы Паралимпиада ойындарына дайындауға елеулі үлес қосқан.

«Ерболдың Паралимпиададағы алтыны – оның да, жаттықтырушылар құрамының да көп жылғы жанкешті еңбегінің жемісі. Қазақстан биатлоншылар одағы үшін мұндай жеңістердің лайықты бағаланып, қолдау табуы аса маңызды. Бұл – параспортты дамытуға қосқан үлесіміз әрі болашақ чемпиондарға берілетін ынталандыру», – деді Ермек Қизатов.

Марапаттау рәсімі биатлоннан жазғы Азия чемпионаты аясында өтті. Жарысқа жеті елдің спортшылары мен жаттықтырушылары қатысып, бұл шараға ерекше символдық мән берді. Ірі халықаралық дода аясында Паралимпиада чемпионының жетістігі мен оның жаттықтырушыларының еңбегі жоғары бағаланды.

Тэгтер:

Ербол Хамитов