Сеулде тамаққа 49 мың құмырсқа қосқан мейрамхана иесі сотталуы мүмкін

Бүгін, 14:37 / Алуа Арман
Корея Республикасының Азық-түлік қауіпсіздігі министрлігі

Оңтүстік Кореяда Michelin мейрамханасының иесі мен оны басқаратын компанияға азық-түлік өнімдерінің санитариялық қауіпсіздігі туралы заңды бұзды деген айып тағылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу мәліметінше, мейрамхана 2021 жылдан бері АҚШ пен Таиландтан кептірілген құмырсқаларды заңсыз импорттап, шамамен төрт жыл бойы оларды кейбір тағам түрлеріне қосып келген.

Оңтүстік Кореяның қолданыстағы нормалары бойынша тағам өндірісінде жәндіктердің он түрін пайдалануға рұқсат етілген. Алайда құмырсқалар бұл тізімге кірмейді.

Сеулдің Батыс округі прокуратурасының мәліметінше, мейрамхана құмырсқа қосылған сорбені 12,2 мыңнан астам рет сатып, одан шамамен 86,4 мың АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан. Тергеу дерегіне сәйкес, тағамдарды әзірлеу кезінде шамамен 49 мың құмырсқа пайдаланылған.

Айыпталушылар тағылған айыптардың басым бөлігін мойындағанымен, прокуратура жасаған есептеулермен келіспейді. Қорғаушы тараптың айтуынша, құмырсқа қосылған қоспа қонақтардың келісімімен ғана ұсынылған және оны келушілердің шамамен 60 пайызы ғана дәмін татып көруге келіскен. Сондай-ақ адвокаттар құмырсқалар мейрамхананың 15 тағамнан тұратын мәзіріндегі бір ғана тағамда қолданылғанын атап өтті.

Мемлекеттік айыптаушылар соттан мейрамхана иесін бір жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

Ал мейрамхананы басқаратын компанияға 14,4 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салу ұсынылды.

Сот үкімі 2 қыркүйекте жарияланады.

Тэгтер:

Оңтүстік Корея мейрамхана Сеул құмырсқа